Мәдениет
Тренд

«Алашорда мүшелері 800 сом жалақы алған» — тарихшы

Алашорда үкіметі өзінің ұлттық қазынасын жасақтап, тіпті үкімет мүшелеріне 800 сом көлемінде жалақы тағайындаған. Бұл туралы  журналист Серік Жолдасбайдың «Алаш және экономика» деректі фильмінде айтылды, деп хабарлайды tiek.kz.

Тарихшы Ержан Өмірханұлының айтуынша, ұлттық бюджетті қалыптастыру ісі үкімет жарияланған сәттен бастап-ақ қолға алынды. «Алашорда үкіметінің тұңғыш қазынасын қазақтың жергілікті меценаттары (байлары) мен зиялылары қалыптастырды. Ел қорғау, милиция (әскер) жасақтау мақсатында атсалысқан тұлғалардың ішінде Семей уезінің байы, Ақым қажы Андамасовты ерекше атап өту керек. Ол өз иелігіндегі бүкіл капиталының 10 пайызын, яғни 10 000 сом қаржыны Алаштың ұлттық қазынасына өткізген. Бұл оқиға бүкіл қазақ даласына сенсациялық жаңалық болып таралды. Сол кезеңде шығып тұрған «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттері бұл сүйінші хабарды жарыса басып, өзгелерге үлгі етті. Сол заманның өлшемімен алғанда 10 000 сом – өте қомақты, зор қаражат еді. Бүгінгі күнмен салыстырсақ, кез келген ірі компания өз капиталының 10 пайызын мемлекет пайдасына өз еркімен аударуы екіталай», — дейді тарихшы.

Мұрағаттарда Алашорда мүшелерінің жалақысы мен пәтер шығыны туралы деректер кездесетінін белгілі тарихшы Сұлтан Хан Аққұлұлы да қуаттайды.

«Бұл деректер Николай Мартыненконың 1929 жылы басылып шыққан «Алаш-Орда» құжаттар жинағында және сол тұстағы мерзімді баспасөз беттерінде анық көрсетілген. Сондай-ақ, 1917 жылдың 5–13 желтоқсанында (ескі күнтізбе бойынша) өткен екінші жалпықазақ-қырғыз құрылтайының ресми хаттамасында да бұл мәселе тайға таңба басқандай жазылған.

Хаттамаға сәйкес, Алашорда үкіметі (Ұлт кеңесі) жасақталып, мүшелері сайланғаннан кейін, әрбір үкімет мүшесіне айына 800 сом жалақы тағайындау, Үкімет мүшелерінің пәтер шығынын қазынадан өтеу қарастырылған. Себебі, олар үкімет орталығы ретінде белгіленген Семей (Алаш) қаласына көшіп барғанда, олардың дайын баспанасы болған жоқ. Сондықтан бұл мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс әлеуметтік мәселе еді», — дейді Әлихантанушы.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button