Кибершабуылға ұшыраған BilimClass платформасы ресми мәлімдеме жасады

29 қараша күні түнде кибершабуылға ұшыраған BilimClass білім беру платформасының жұмысы толық қалпына келтірілді. Бұған дейін платформа жүйесіне бөгде тұлғалардың заңсыз кіргені туралы хабарланған болатын. Осы жағдайға байланысты платформа әкімшілігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Tiek.kz.
Шабуыл қалай болды және жүйеде не өзгерді?
Ресми мәліметке сәйкес, кибершабуыл 29 қараша күні түнгі сағат 01:09-да тіркелген. Платформа мамандары қауіптің бетін қайтару үшін жедел шаралар қабылдап, шабуыл жасаушылардың әрекетін дереу тоқтатқан.
Сағат 09:00-ге дейін жүргізілген техникалық тексеріс нәтижесінде мынадай жайттар анықталды:
-
Хакерлер платформаның мәтін аудармасы сервисіне ғана қол жеткізе алған;
-
Соның салдарынан жүйедегі кейбір оқу пәндерінің атаулары өзгертілген;
-
Платформа пайдаланушыларының жеке деректерінің қауіпсіздігіне ешқандай нұқсан келмеген.
Құқық қорғау органдарымен бірлескен тексеріс жүріп жатыр
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын толық анықтау бойынша тексеріс жұмыстары жалғасуда. Платформа өкілдері тиісті мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар BilimClass әкімшілігі туындаған қолайсыздықтар үшін барлық пайдаланушылардан кешірім сұрап, түсіністік танытқандары үшін алғыс білдірді. Компания өкілдері қолданушылардың деректер қауіпсіздігі мен жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету басты басымдық болып қала беретінін атап өтті. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар BilimClass қолдау қызметіне хабарласа алады.



