Қоғам

Қазақстанда өндірілді деген медициналық жабдықтар шетелден әкелінген болып шықты

Алматыда «Ordamed» акционерлік қоғамына қатысты атышулы іс бойынша сот процесі басталады.

Компанияның жоғары лауазымды қызметкерлеріне Қазақстанда өндірілген деп көрсетілген медициналық жабдықтарды сатқан деген айып тағылып отыр. Алайда тергеу нұсқасы бойынша, бұл құрылғылардың барлығы шетелден, атап айтқанда, Корея мен Қытайдан әкелінген.

Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, бұл іс бойынша 10 адам жауапқа тартылмақ. Олардың қатарында «Ordamed» АҚ басқарма төрағасы Юлия Анохина (суретте), компанияның бас директорының орынбасары Ляззат Касенова, бұған дейін өндірісті басқару бөлімінің басшысы болған Евгений Фенькин және тергеу мәліметінше, іске қатысы бар өзге де адамдар бар.

“Тергеу мәліметінше, «Ordamed» компаниясы мемлекеттік ауруханаларға Қазақстанда өндірілген деп көрсетілген медициналық жабдықтарды жеткізіп отырған. Алайда кәсіпорынның күрделі медициналық техниканы өзі өндірмей, дайын күйінде шетелден әкелетіні туралы ақпарат нарықта бұрыннан айтылып келген. Бұл мәселе 2024 жылдың көктемінде де көтерілген. Компания мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі талаптарды өз пайдасына пайдаланған. Өйткені тендер кезінде отандық өндірушілерге басымдық беріліп, тауардың бағасы басты өлшем болмаған. Осылайша, өзін қазақстандық өндіруші ретінде көрсеткен «Ordamed» мемлекеттік ауруханаларға медициналық жабдық жеткізу бойынша бірнеше тендерді ұтып алған”, – делінген жазбада.

Бұл жағдай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де назарынан тыс қалмаған. Тергеу барысында компанияның Қазақстанда жеке өндірісі бар екенін дәлелдейтін құжаттардың жалған екені анықталған.

“Соған қарамастан, осы құжаттарды пайдаланып, мемлекеттік ауруханаларға жалпы сомасы 4,5 миллиард теңге болатын медициналық жабдық жеткізілген. ҰҚК қызметкерлері жүргізген тергеу нәтижесінде іске қатысы бар бірнеше адам анықталды. Олардың көпшілігі «Ordamed» компаниясында жұмыс істеген. Қазір олар алаяқтыққа көмектесті және жалған медициналық бұйымдармен байланысты әрекеттер жасады деген айыппен сот алдында жауап береді. Ал компанияның нақты иесі Еркін Длімбетов әлі күнге дейін шетелде жүр”, – деп жазды Kozachkov offside.

 

 Stan.kz

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button