Оқиға

Алматыда оқушылар уланған асханадан қауіпті бактерия табылды

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары жаппай уланғаннан кейін асханадан көптеген санитариялық заңбұзушылық анықталды.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тағамдардан және ыдыстар мен жұмыс беттерінен алынған сынамалардан ішек таяқшасы тобының бактерияларын тапқан.

Сондай-ақ дезинфекциялық ерітіндінің белгіленген талаптарға сай келмейтіні анықталды. Асхананың 38 қызметкері тексеріліп, төртеуінен алтын түстес стафилококк табылған. Олар жұмыстан уақытша шеттетілді.

Бұдан бөлек, азық-түлікті сақтау тәртібі бұзылып, кейбір өнімдердің сапасын растайтын құжаттар болмаған. Сауалнама кезінде науқастанған оқушылардың барлығы интернат асханасында тамақтанғанын айтқан. Көпшілігі сырқаттануын тауық етінен жасалған рулет пен бесбармақтан кейін байқаған.

Тексеру қорытындысы бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, асхана жұмысы алпыс күнге тоқтатылды. Полиция қылмыстық іс қозғады.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button