COP17: Қазақстанның экологиялық саясаты жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванда өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөйлеген сөзі Қазақстанның экологиялық саясаттағы басымдықтарын және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ұстанымын айқындай түсті.
Мемлекет басшысы табиғи экожүйелерді сақтау, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау ісіне заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне назар аударды.
Саясаттанушы Нұрболат Нышанбаевтың пікірінше, биоалуантүрлілікті сақтау мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттердің ортақ күш-жігерін талап етеді. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидатын нығайтуда. Ал Қазақстанның халықаралық экологиялық бастамалары Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сарапшы Мемлекет басшысының экологиялық саясатты цифрлық трансформациямен ұштастыру бастамаларына да тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану табиғи ресурстарды тиімді басқаруға, биоалуантүрлілікті қалпына келтіруге және экологиялық жобалардың нәтижелілігін арттыруға жол ашады.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванда өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөйлеген сөзі Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібіндегі ұстанымын айқындай түсті. Мемлекет басшысының табиғатты қорғау мәселесін халықаралық ынтымақтастықпен және ұзақмерзімді қауіпсіздікпен сабақтастыра қарастыруын қалай бағалайсыз?
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың COP17 аясында Ереванда өтіп жатқан Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде жасаған мәлімдемесі экологиялық мәселелердің мемлекеттерді ортақ мақсат төңірегінде біріктіретінін айқын көрсетті. Тарихтан білетініміздей, жаһандық мәселелерді шешуде елдердің ортақ ұстаным қалыптастырып, бірлескен іс-қимылға келуі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Бұл жолы COP17 саммитінде әлем елдерінің биоалуантүрлілікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударып, ортақ мақсатқа бірігіп, бірлесіп әрекет етудің алғышарттарын жасап жатқанын байқадық. Әсіресе, Мемлекет басшысының Еревандағы мәлімдемесі Орталық Азия аймағы үшін өте маңызды болды.
Осы орайда екі мәселені ерекше атап өткім келеді. Біріншісі – трансшекаралық өзендерді, атап айтқанда, Сырдария мен Ертісті аймақ елдерінің бірлескен бағдарламалары аясында тиімді басқару. Бұл бағытта мемлекеттер арасында ынтымақтастықты нығайтып, ортақ су ресурстарын сақтау мен ұтымды пайдалану үшін бірлесіп жұмыс істеу қажет. Мұндай қадамдар аймақ елдерінің өзара сенімін арттырып, ортақ мүдделерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттердің ұстанымдары әртүрлі болғанымен, табиғат, өзендер мен таулар, флора мен фауна – адамзатқа ортақ құндылықтар. Сондықтан оларды қорғау мен сақтау барлық елдің бірлескен күш-жігерін талап етеді. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы Орталық Азия елдері үшін өте маңызды.
Екінші мәселе – су дипломатиясы. Бұл бағыт та аймақ елдерінің ынтымақтастығын дамытуда ерекше орын алады.
Білесіздер, соңғы жылдары әлемде су дипломатиясының маңызы артып келеді. Оның негізгі мәні – су ресурстарын адамзаттың ортақ игілігі ретінде қарастырып, оларды тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану. Бұл ретте экономикалық мүдделермен қатар, экологиялық құндылықтарға да басымдық беруіміз керек. Сонда табиғи экожүйелер сақталып, су ресурстары қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне қызмет етеді.
— Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы экологиялық тазалық аясынан шығып, азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін идеологияға айналып келе жатқанын атап өтті. Бұл бастаманың қоғамдық санаға әсері мен елдегі экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы саяси маңызын қалай бағалайсыз?
— Бізде 2024 жылдан бастап қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы бүгінгі таңда бір реттік акция емес, еліміздің идеологиялық тұғырнамасының бір бөлігіне айналып келеді. Себебі қазір «Таза Қазақстан» дегенде біз бір реттік сенбіліктерді ғана емес, таза азамат ұғымын, қоршаған ортаның тазалығын және әр азаматтың өз үйіне, ауласына, ауданына, ауылына деген жауапкершілігін сезінуін түсінеміз.
Нәтижесінде сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде бүкіләлемдік қоршаған ортаны тазарту күні бекітілді. Бұл – Қазақстанның бастамасы. Сондықтан қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, оны кімнің тазалайтынын күтпей, әр адамның өз үлесін қосуы маңызды.
Менің ойымша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының аясында «Мен жерді ластамауым керек. Бұл – менің тұратын жерім, менің үйім, менің аулам. Сондықтан оның тазалығына мен жауаптымын» деген түсінік қалыптасып келеді. Бұл – үлкен құндылықтардың бірі. Меніңше, «Таза Қазақстан» бастамасының аясында осындай жауапкершілік мәдениеті орнығып жатыр. Оның негізінде Қазақстанның ұлттық құндылықтары мен жаһандық экологиялық жауапкершілік идеясы жатыр.
Сондықтан мұндай бастамалар бүкіл әлем үшін өте қажет. Қоршаған ортаны таза ұстау, табиғатты қорғауға бағытталған әрбір әрекетті қолдау және осы іске қоғам болып жұмылу – XXI ғасырдағы адамзат үшін аса маңызды міндеттердің бірі.
— Қазақстанда киік популяциясының 2003 жылғы 21 мыңнан биылғы көктемде 4,7 миллионға дейін өсуі, сондай-ақ қар барысын сақтау және Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару бағытындағы жұмыстар табиғатты қорғау саласындағы нақты нәтижелерді көрсетеді. Мемлекет басшысының осы бастамаларды халықаралық деңгейде таныстыруы Қазақстанның экологиялық дипломатиясын дамытуға және елдің халықаралық беделін нығайтуға қалай ықпал етеді?
— Бұл мәселе де өте маңызды. Себебі соңғы жылдары, өзіңіз білетіндей, Қызыл кітапқа енгізілген флора мен фауна түрлерінің саны артып келеді. Бұл, әрине, қуанатын жағдай емес. Түрлі экологиялық проблемалардың салдарынан кейбір жануарлар мен өсімдіктердің түрлері жойылып кету қаупіне ұшырап отыр.
Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тұран жолбарысын қайта қалпына келтіру бағытындағы әрекеттері, сондай-ақ Қазақстанды қызғалдақтың отаны ретінде таныту бастамасы ерекше маңызға ие. Жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне айрықша көңіл бөлу – халықаралық деңгейде көтеріліп жатқан бастамалардың бірі. Осындай бастамалардың жергілікті деңгейде қаншалықты сәтті жүзеге асып жатқанын да ескеруіміз керек.
Сондықтан мұндай бастамалар еліміздің шеңберінде ғана қалып қоймай, осындай ірі халықаралық саммиттер арқылы бүкіл әлемге таралуы қажет. Себебі біз кейде ортақ құндылықтарымызды жоғалтып алып жатамыз. Әлемде 390-нан астам ел мен аумақ болғанымен, табиғат-Ана біреу, ал планетамыз – ортақ.
Сондықтан әрбір азамат табиғат пен экожүйені байлық көзі немесе экономикалық мүдде тұрғысынан ғана қарастырмай, оны келесі ұрпаққа қаншалықты таза әрі бүлінбеген күйде қалдыра алатынымыз туралы ойлануы керек. Себебі Қазақстан жүргізіп отырған жаһандық жасыл дипломатияның түпкі философиялық мәні де осында жатыр.
— Президент Қазақстанның Халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қор құру бастамасын ұсынып, Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыруды қолдауға шақырды. Бұл ұсыныстар Қазақстанның халықаралық экологиялық ынтымақтастықтағы рөлін күшейтуге және Орталық Азиядағы табиғатты қорғау бастамаларын үйлестіруге қандай мүмкіндік береді?
— Мемлекет басшысының халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі бастамасы тек идея жүзінде қалып отырған жоқ. Бұл бастаманың офисі ретінде Алматы қаласын ұсынуы мемлекеттің осы саладағы жауапкершілікті қаншалықты жоғары деңгейде сезініп отырғанын көрсетеді деп ойлаймын.
Себебі соңғы жылдары жасыл экономика мен қоршаған ортаны қорғау бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілгенімен, мемлекеттер арасындағы үйлестіруді одан әрі жетілдіру қажеттілігі бар. Бұл халықаралық деңгейде қолға алынған жақсы бағдарламалардың нәтижелі жүзеге асуына мүмкіндік береді.
2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Sustainable Development Goals, яғни Тұрақты даму мақсаттары атты ауқымды бағдарлама қабылданды. Ол 17 мақсаттан тұрады. Алайда 2030 жылға дейін небәрі төрт жыл қалғанын ескерсек, бағдарламада белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін күш-жігерді одан әрі жұмылдыру қажет. Сондықтан Мемлекет басшысының осындай бастамалар арқылы нақты іске асыру тетіктерін ұсынуы Қазақстанның бұл салаға қаншалықты маңызды назар аударып отырғанын көрсетеді деп ойлаймын.
Әрине, осындай ірі саммиттерде мәлімдеме жасау бір бөлек те, оларды ұзақ мерзімді перспективада нәтижелі жүзеге асыру екінші мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның 2017 жылғы Париж келісімі аясындағы ұстанымы, өткен жылғы COP16 саммитінде Әзербайжанда және Аргентинада өткен COP саммиттеріндегі мәлімдемелері еліміздің осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келе жатқанын көрсетеді.
Біздің бағытымыз айқын. Ол – экологиялық ынтымақтастықтың әлеуетін күшейту және Орталық Азия елдерінде табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларды барынша қолдау. Бұл ретте әрбір инвестициялық жобаға, жергілікті кәсіпкерлер мен стартаптардың бастамаларына қоршаған ортаға тигізетін ықпалы тұрғысынан назар аударуымыз керек.
Егер қандай да бір жобаның қоршаған ортаға кері әсері болса, оның салдарын ескеру қажет. Ал табиғатты қорғауға және экологиялық құндылықтарды сақтауға үлес қосатын жобаларға қолдау көрсету маңызды. Сондықтан мұндай бастамалар Қазақстанның экологиялық саясаттағы негізгі ұстанымдарының біріне айналып келеді.
— Мемлекет басшысы биоалуантүрлілікті сақтау ісінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен қолдануды ұсынып, Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының әлеуетін бірлескен ғылыми зерттеулерге пайдалануға назар аударды. Президенттің экологиялық саясатты цифрлық трансформациямен ұштастыруы Қазақстанның инновациялық даму бағыты мен халықаралық ғылыми ынтымақтастығына қандай жаңа мүмкіндіктер ашады?
— Біз қазіргі жағдайда ескі проблемаларды жаңа құралдармен шешу керектігін ұмытпауымыз керек. Менің ойымша, Мемлекет басшысының Еревандағы мәлімдемесінің тағы бір маңызды бөлігі – заманауи, инновациялық технологияларды дәстүрлі проблемаларды шешуге қаншалықты кіріктіре алатынымызға бағдар беріп көрсетуі болды.
Бізде, мысалы, Әзербайжан мен Қазақстанның арасында қазірдің өзінде теңіз түбімен жүргізілген интернет кабельдері бар. Солар арқылы біз «Цифрлық Жібек жолы» деп танылған алып жүйені қалыптастырдық. Одан бөлек, Астанада әлемдік деңгейдегі, халықаралық жасанды интеллект зерттеу орталығы аясында бірлесіп жүзеге асырып жатқан бірнеше жоба бар. Ол жобалардың негізгі мәні – Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін қалпына келтіру.
Халықаралық консорциум, халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігін бақылау үшін жасанды интеллектіні интеграциялау мәселесі де қарастырылуда. Сондықтан мұндай жобалар бұған дейін Түрікменстанның Аваза қаласында өткен саммитте де аталды. Оған Каспий теңізінің бес мемлекеті қатысты. Одан бөлек, бұған дейін айтылған бастамалар Ереванда өтіп жатқан ауқымды COP17 саммитінде де қайталанып жатыр.
Менің ойымша, мемлекеттер арасында технологиялық даму мен цифрландыру саласындағы ортақ түсінік қалыптасып келеді. Әрине, біз мұндай инновациялық құралдарды күрделі әрі дәстүрлі түрде шешіліп келе жатқан экологиялық мәселелерді шешу үшін қолдануымыз қажет.



