«Үйі немесе көлігі бар азаматтар жеңілдіктен қағылады»: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеме жасады

Үйі немесе көлігі бар азаматтар автоматты түрде ауқатты отбасылар қатарына қосылмайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, «Цифрлық отбасы картасы» әр шаңырақтың жағдайын 59 көрсеткіш бойынша бағалайды. А және В санаттарына тұрмысы жоғары, дәулетті отбасылар жатады. Оларды анықтағанда жан басына шаққандағы табыс, жылжымайтын мүлік, көлік, кәсіпкерлік және жер телімдері ескеріледі.
С санаты – тұрмысы орташа,
D – материалдық қиындыққа тап болған,
ал Е – шұғыл мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасылар.
Бір ғана баспана, көлік немесе несиенің болуы санатты анықтауға негіз бола алмайды. Отбасының жағдайы ай сайын қайта есептеледі.
Еске салайық, келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап кейбір жәрдемақы мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Ал С, D және Е санатындағы отбасылар белгіленген талаптарға сай келсе, тиісті төлемдерді алу құқығын сақтайды.
Өзгеріс бала тууына, 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне және көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдерге де қатысты болғалы отыр. Тұрмысы жақсы А және В санатындағы азаматтар бұл көмектен айырылады.



