Экономика

«Көмекті көбірек мұқтаж адамдарға бағыттау»: сарапшы Үкіметтің жәрдемақы туралы бастамасын түсіндірді

Достар, 2027 жылдан бастап Қазақстанда кейбір жәрдемақылар отбасының тұрмыс жағдайына қарай тағайындалатыны туралы жаңалықты көрген боларсыздар. Жағдайы жақсы отбасыларға жекелеген төлемдер берілмейді, бірақ заңда қарастырылған ерекшеліктер бар. Өзгерістің мақсаты: көмекті оған көбірек мұқтаж адамдарға бағыттау.

Бұған қатысты өз пікірім бар. Бірақ алдымен елімізде әлеуметтік қолдау қалай жұмыс істейтінін, басқа елдермен салыстырғанда қай деңгейде тұрғанымызды көрейік. Өзімізге өзіміз берген бағамен шектелмей, халықаралық ұйымдардың деректеріне жүгінейік.

Әлеуметтік қорғаумен қамту жағынан Қазақстан Орталық Азиядағы бес елдің ішінде бірінші орында. Халықаралық еңбек ұйымының соңғы қолжетімді дерегінде көрсеткішіміз 94,3%. Өзбекстанда 56%, Қырғызстанда 42,9%, Түрікменстанда 42,7%, Тәжікстанда 34,1%.

Бұған ақшалай әлеуметтік төлем алатындар да, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна төлеп жүргендер де кіреді. Яғни халықтың 94,3%-ы жәрдемақы алады деген сөз емес. Көрсеткіш әлеуметтік қорғау жүйесінің халықты қаншалықты қамтитынын білдіреді.

БҰҰ Даму бағдарламасының адам дамуы индексі бойынша да өңірде біріншіміз: 0,837. Әлемдегі 193 ел мен аумақтың ішінде 60-орындамыз. Қазақстан Орталық Азияда адам дамуы өте жоғары елдер санатына кіретін жалғыз мемлекет. Индекс өмір сүру ұзақтығын, білім мен табысты ескереді. БҰҰДБ дерегі.

Көмектің кімге жететінін көрсететін дерек те бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің 82,5%-ы табысы ең төмен 20% тұрғынның қатарына кіреді. Демек, АӘК негізінен аз қамтылғандарға жетіп отыр. Ал жаңа ережелер бұдан да көп жәрдемақы түрін қамтиды.

Осы көрсеткіштер бойынша Қазақстан өңірде өте жақсы көрінеді. Адам дамуы жағынан әлемдегі орнымыз да жаман емес. Меніңше, мұның артында үлкен еңбек тұр. Мәселе аз емес, бірақ жеткен жетістігіміз де бар. Соны сақтап, әрі қарай дамыту керек. Жағдайы қиынырақ адамдарға басымдық беру орынды деп ойлаймын. Қаражат шектеулі, ал отбасылардың мүмкіндігі әртүрлі. Сондықтан көмек бөлгенде мұқтаждықты ескерудің қисыны бар.

Ендігі мәселе осыны қалай іске асыратынымызда. Бәрі дұрыс жұмыс істеуі үшін үш нәрсеге мән берер едім:

1. Нақты әрі өзекті дерек. Отбасының шын жағдайын ескеру керек: бір табысқа қанша адам қарап отыр, емге қанша ақша кетеді, тұрақты күтімге мұқтаж адам бар ма? Үйі мен көлігі бар екен деп, күнделікті қажетіне ақшасы жеткілікті деуге болмайды. Деректер де жаңарып отыруы керек, өйткені отбасының жағдайы тез өзгеруі мүмкін.

2. Түсінікті ақпарат. Әр отбасы өзіне қатысты не өзгеретінін, шешім қалай қабылданатынын және қандай көмекке үміт арта алатынын алдын ала білуі керек. Әсіресе сол ақшаға сеніп, шығынын жоспарлап қойғандар.

3. Қатені түзету мүмкіндігі. Адам да, жүйе де қателеседі. Базадағы мәлімет қате болса немесе отбасын басқа санатқа жатқызып қойса, шешімді тез әрі оңай қайта қаратуға мүмкіндік болуы керек. Адамдар айлап мекеме жағалап жүрмесе екен. Үнемделген қаражаттың қайда жұмсалатынына да қарар едім. Сол ақша қазіргі көмегі жеткіліксіз адамдарға көбірек қолдау көрсетуге жұмсалса деймін.

Қазақстанның бүгінгі нәтижелері өзгерістерден кейін жақсара түссе екен. Мұқтаж отбасылар жеткілікті көмек алып, қолдаусыз қалғандар азайып, кедейлік төмендесе деймін. Ал жаңа ережелердің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақында көреміз.

Яков Воронков, сарапшы

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button