Қоғам

«Неге үнсіз отырсыздар?»: белгілі заңгер бұрынғы министрлер Бағдат Мусин мен Жаслан Мәдиевті Яндекс дауына қатысты жауап беруге шақырды

Экс-депутат Абзал Құспан бұрынғы министрлер Бағдат Мусин мен Жаслан Мәдиевке арнайы үндеу жариялап, соңғы кездері қоғамда қызу талқыланып жатқан Яндекс дауына қатысты жауап беруді талап етті, деп хабарлайды tiek.kz.

Ол өз жазбасында қазіргі таңда «Апару», «Қажет» такси сервистері төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатқанын әрі  маман ретінде пікір білдірмей жатқанына таңқалыс білдірген.

«Мен Сіздерді Қазақстандағы цифрландырудың бастауында тұрған, Мемлекет басшысы ерекше сенім артқан, еліміз үшін жаңа саланың дамуына жол ашқан азаматтар ретінде танимын. Еңбектеріңізді бағалаймын, болашақтарыңызға үлкен үмітпен қараймын.

Осы уақытқа дейін екеуіңіздің де аттарыңызға бірде-бір сын айтқан емеспін. Депутат кезімде де «болам деген жігіттің белін бу, пайдам тимесе де, зияным тимесін» деген ұстанымда болдым.
Бүгін бірінші рет өздеріңе үн қатқалы отырмын.
Соңғы күндері Яндекс такси қызметіне байланысты туындаған жағдайдан кейін отандық «Апару», «Қажет» такси сервистері төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе қазақ тілді ортада қатты талқылануда.
Шынымды айтсам, көп нәрсе түсініксіз. Түсінбей отырғандардың бірі мен өзім.
Міне, дәл қазір сіздердің ел алдына шығып, жағдайды түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін уақыттарыңыз емес пе?
Еліміздің цифрлық болашағына жауапты азаматтар осындай сәтте сөйлемегенде, қашан сөйлейді?
Сіздерге деген құрметім өзгерген жоқ. Жеке бастарыңызға да, атқарып жатқан жұмыстарыңызға да көлеңке түсіру ойымда жоқ.

Бірақ бір нәрсені түсінбеймін: елге сөздеріңіз керек болып тұрған дәл осы сәтте неге үнсіз отырсыздар?», — деп жазған ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button