Қоғам

Адам құқықтарын қорғайтын мінбер ме, әлде айыптаулар алаңы ма? Сарапшы Варшава конференциясын сынға алды

Қазақстанның халықаралық шарттардың қоғамдық мониторингі орталығының (ҚХШҚМО) директоры Галина Моисеенко Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) рәсімдерінің ашықтығына, халықаралық бағалаулардың өзара салыстырмалылығына және Варшавадағы Адами өлшем жөніндегі конференцияда азаматтық қоғамның қаншалықты өкілдік ететініне күмән келтірді.

Сарапшы Facebook-тегі жазбасында халықаралық құқық қорғау тетіктерінің жұмысындағы қайшылықтарға назар аударды. Оның пікірінше, ондаған жыл бойы түрлі елдердегі адам құқықтарының сақталуына баға беріп келе жатқан ұйымның өзі тексеріске дайын болуы тиіс, бұл әсіресе ұйымның өзі қолданатын әдістер мен қабылдайтын шешімдерге тікелей қатысты.

Осы тұрғыдан алғанда Г.Моисеенко сайлауды байқау мен оның ауқымындағы айырмашылықты ең көрнекті мысалдардың бірі екенін алға тартты. Мәселен, 2024 жылы Ұлыбританияда өткен парламенттік сайлауға байқау жүргізу үшін ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) бар болғаны бес сарапшы жіберсе, 2025 жылы Қырғызстандағы сайлауды байқау үшін 300 қысқа мерзімді бақылаушыныжіберуді сұраған. Сарапшы келтірген мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы тамызда Қазақстандағы Құрылтай сайлауында ДИАҚБ-ның 206 байқаушысы жұмыс істеген.

«Бір мемлекет үшін бес сарапшы жеткілікті деп танылып, ал екіншісіне жүздеген байқаушы не үшін қажет болатынын қандай талаптар айқындайды және олар қаншалықты әділетті?» – деп таңырқады сарапшы.

Сонымен қатар, ол таққан мін байқаушылар миссияларының санымен ғана шектелмейді, халықаралық қорытындылардың мазмұнын да қамтиды. Г.Моисеенконың айтуынша, түрлі елдерде кездесетін ұқсас мәселелерге мүлде әрқилы баға берілуі мүмкін. Ол бір елдерге қатысты ұстамды тұжырымдар қолданылса, посткеңестік мемлекеттерге бағытталған сын әлдеқайда өткір сипат алатынын жеткізді.

Әсіресе сарапшы 5-15 қазан аралығында өтіп жатқан Адами өлшем жөніндегі Варшава конференциясын қатты сынға алды. Оның бағалауынша, халықаралық диалог орнату үшін құрылған бұл алаң іс жүзінде жыл сайынмемлекеттерге негізі жоқ кінә тағылатын орынға айналған. Сонымен бірге, қатысушыларға халықаралық мінбер ұсынғанымен, ЕҚЫҰ өз мойнына мәлімдемелердің мазмұнына қатысты ешқандай жауапкершілік алмайды. Өйткені мұндай мәлімдемелер ұйымның ресми ұстанымы болып саналмайды.

«Іс жүзінде бұл алаңды бейресми түрде ЕҚЫҰ аясында мемлекеттерге «айып тағудан алдына жан салмайтындардың кәсіпқой клубы»деп атауға болады», – деді Г.Моисеенко.

Конференцияға қатысушылардың құрамы да оның көңілінен шықпайды. Сарапшының айтуынша, халықаралық алаңдарда жыл сайын негізінен үкіметтік емес сектордың бір топ өкілі сөз сөйлейді, ал қоғамдық ұйымдардың кең ауқымды бөлігі іс жүзінде шектелген, көп жағдайда оларға уақыт берілмейді.

«Неліктен кейбір тақырыптар жылдар бойы халықаралық деңгейде кеңінен талқыланып, ал басқалары назардан тыс қалады? Шынтуайтында тура сол бір топ адамдар қайта-қайта шығып, «кәсіпқой» сыншыларға айналып отыр», – деп жазады ол.

Осы тұрғыда Г.Моисеенко үкіметтік емес ұйымдарды шетелден қаржыландыру мәселесін де көтерді. Ол келтірген мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның 218 жеке және заңды тұлғасы шетелден жалпы сомасы 27,2 млрдтеңге көлемінде қаражат алған. Сарапшының пікірінше, құқық қорғау жобаларын кім қаржыландыратынын, олардың тақырыптық бағытын кім айқындайтынын және нәтижелерін кім бағалайтынын ашық талқылау қажет.

Сөзінің соңында сарапшы халықаралық байқау әдіснамасын тәуелсіз тексеруге, мемлекеттерді бағалаудың бірыңғай талаптарын енгізуге, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге және азаматтық қоғамның кең ауқымды өкілдігін қалыптастыруға шақырды.

«Халықаралық институт өзі қолданатынәдіснаманың сапасына қатысты сұрақтарға дайын болып, өз беделін қорғанудың құралына айналдырмауы керек», – деп түйіндеді Галина Моисеенко.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button