Қалтадағы үкімет: eGov Mobile 7 жыл ішінде 13 миллион қазақстандықтың басты көмекшісіне айналды
Осыдан жеті жыл бұрын жаңартудан өткен eGov Mobile қосымшасы бүгінде Қазақстанның басты цифрлық экожүйесіне айналып үлгерді. Қазіргі таңда 13,2 миллионнан астам отандасымыз ұялы телефон арқылы 1 100-ден астам мемлекеттік қызмет түрлерін еш қиындықсыз ала алады. Бұл — ұзын-сонар кезектер мен қағазбастылықтан арылып, нағыз цифрлық дәуірге қадам басқанымыздың айқын көрінісі деп хабарлайды Tiek.kz.
mGov-тан басталған тарих
Мобильді үкіметтің іргетасы 2012 жылы mGov қосымшасымен қаланған болатын. Ол кезде халыққа небәрі мекенжай мен зейнетақы анықтамаларын алу немесе айыппұл төлеу сияқты қарапайым қызметтер ғана қолжетімді еді. 2019 жылға қарай қызметтер саны 70-ке жетіп, қосымша дизайны толықтай жаңарып, eGov Mobile деген атауға ие болды. Дәл осы кезден бастап елдің цифрлық дамуында жаңа кезең басталды.
2020 жылы енгізілген биометриялық сәйкестендіру жүйесі қолданушылардың жеке басын растауды әлдеқайда жеңілдетіп, қауіпсіздікті арттырды.
Миллиондаған сұранысқа ие сервистер
Бүгінде ел арасында ең көп таралған қызмет — «Цифрлық құжаттар» сервисі. Ол іске қосылғалы бері қазақстандықтар жеке құжаттарын смартфон арқылы 600 миллионнан астам рет көрсеткен. Қазір бұл сервис екінші деңгейлі банктердің қосымшаларына да біріктірілген. Сондай-ақ, смартфоннан ЭЦҚ алу мен QR-код арқылы құжаттарға қол қою қызметі де үлкен сұранысқа ие — ол шамамен 80 миллион рет пайдаланылыпты.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, қосымшаның танымалдылығы геометриялық прогрессиямен өсіп келеді.
«Егер 2019 жылы қосымшаның ай сайынғы белсенді пайдаланушылар саны 272 мың болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 7,5 миллион адамға жетіп, шамамен 28 есеге өсті. Биылдың өзінде eGov Mobile арқылы 20 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Біз азаматтардың күнделікті мәселелерін үйден шықпай-ақ, тез әрі оңай шешуі үшін мобильді үкіметті жетілдіруді жалғастыра береміз», — деп атап өтті вице-министр.
Кәсіпкерлерге арналған қолдау және Жасанды интеллект
Электрондық үкімет экожүйесі тек жеке тұлғаларға ғана емес, бизнеске де барынша жағдай жасауда. 2024 жылдың шілдесінде іске қосылған eGov Business қосымшасы кәсіпкерлерге смартфон арқылы компания басшысын тіркеуге, ЭЦҚ алуға және өзге де маңызды операцияларды орындауға мүмкіндік берді. Ал 2025 жылы eGov Mobile қосымшасы толық ребрендингтен өтіп, қолданушыларға одан сайын ыңғайлы бола түсті.
Дегенмен, 2026 жылдың басты жаңалығы — қосымшаға eGov GPT интеллектуалды көмекшісінің енгізілуі болды. Енді пайдаланушылар өз сұрағын қарапайым тілмен чатқа жазып (мысалы, «бала тууын қалай тіркеймін?»), қажетті бағыт-бағдар мен нұсқаулықты бірден ала алады. Қазірдің өзінде 50-ден астам мемлекеттік қызмет бойынша кеңес беретін бұл құралға 150 мыңнан астам сұраным түскен.
Мемлекеттік қызметті жасанды интеллектпен ұштастырған бұл жоба халықаралық деңгейде де назардан тыс қалмады. Биыл Астанада өткен «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық технологиялық форумында eGov GPT жүйесі «GovTech Project of the Year» номинациясы бойынша үздік деп танылды.



