Заң үстемдігі

«Маған поқ…»: «Назарбаев» көшесін қорлаған блогерге айыппұл салынды

Ешқандай Достық, Назарбаев, Наурызбай батыр, Желтоқсан деген атауларды қолданбаймын. Нағыз алматылықтар Ленин, Фурманов, Дзержинский, Мира, Виноградов, Комсомольская деп айтады.

Алматы көшелерінің қазақша атауына қатысты дөрекі әрі былапыт жазба жариялап, қоғамда үлкен резонанс тудырған “Mini Knopka” деген атпен танымал Айгерім Бердалиеваға айыппұл салынғаны белгілі болды. 

Оған ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылған.  Алматы қаласының соты блогерге 60 550 теңге көлемінде айыппұл салды.

Іс Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қаралды.

“Сот қаулысымен азаматша Б. кінәлі деп танылып, оған 60 550 теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды”, – деп хабарлады сот.

Еске салайық, бұған дейін блогер Айгерім Бердалиева Eurasian Fashion Week аясында өзінің суреті бейнеленген билбордтың шыққанына қуанып, оны парақшасында бөліскен. Жазбада Достық көшесін Ленин деп атап, желі қолданушыларының сынына қалды.

Алайда блогер өзіне жазған жағымсыз пікірге ашумен үн қатты.

“Маған бәрібір – Ленин. Одан да асырып айтайын: маған бәрібір 2 – Фурманов! Ешқандай Достық, Назарбаев, Наурызбай батыр, Желтоқсан деген атауларды қолданбаймын. Нағыз алматылықтар Ленин, Фурманов, Дзержинский, Мира, Виноградов, Комсомольская деп айтады. Ал пікірлеріңде не жазсаңдар да өздерің біліңдер”, – деп жазған блогер.

Айгерім Бердалиеваның бұл жазбасы жағдайды одан әрі ушықтырды.

Бұған Eurasian Fashion Week халықаралық сән апталығының ұйымдастырушылары бірден реакция білдірді. Ұйым ресми мәлімдеме жасап, блогердің ұстанымын қолдамайтындарын және оны барлық жарнамалық материалдардан біржола алып тастайтындарын жеткізді. «Біз блогердің жеке парақшасында жарияланған пікіріне ешқандай қатысымыз жоқ екенін және оның ұстанымын мүлде бөліспейтінімізді хабарлаймыз. Ол біздің жобаның барлық жарнамалық өнімдерінен өшіріледі», — деп мәлімдеді Eurasian Fashion Week өкілдері Threads желісінде.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button