Сараптама

36 мың шақырымдағы «көршілер»: Ақкөлде KazSat-ты қалай күзетеді? (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Алып антенналар, үздіксіз жанып тұрған экрандар және мыңдаған көрсеткіш. Ал жоғарыда, Жерден 36 мың шақырым қашықтықта — Қазақстанның KazSat жер серіктері. Оларды жерден қалай басқарады? Спутник орбитадан ауытқып кетсе не болады? KazSat-2-нің қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін байланыс қалай жалғасады? Tiek.kz тілшісі Ақкөлдегі ғарыштық байланыс орталығында болып, осы сұрақтардың жауабын іздеп қайтты.

Фото: tiek.kz

Ақкөл қаласының сыртындағы далада алып антенналар алыстан менмұндалайды. Жақындаған сайын олардың айбыны сезіле түседі: бірі бірнеше метр болса, енді бірі одан да ірі. Бұл аумақтағы тыныштық — алдамшы. Ғимараттардың ішінде мамандар тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың көзі аспанда емес, мониторларда. Өйткені Ақкөлдегі жерүсті кешені Жерден шамамен 36 000 шақырым биіктікте орналасқан аппараттармен байланыс орнатып, олардың жағдайын бақылап отырады.

Фото: tiek.kz

Байланыс мониторингі бөлімінің инженері Абылай Каримов бізге орталық аумағын аралатты. Мұнда бәрінің өз қызметі бар: бір антенна қабылдау үшін, екіншісі тарату үшін, ал кейбірі ғарыш аппараттарын тікелей басқару үшін пайдаланылады.

Сырт көзге бұл нысан ғарыш туралы Голливуд киносының декорациясына ұқсайды. Бірақ мұндағы антенналардың бәрі шынайы әрі тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.

Фото: tiek.kz

Спутникті джойстикпен басқармайды

Жерден қарағанда геостационарлық орбитадағы спутник бір нүктеде «қатып қалғандай» көрінеді, өйткені ол Жердің айналу жылдамдығына сәйкес қозғалады. Бірақ ғарыштағы спутник ешқашан мүлде қозғалыссыз тұрмайды. Жер мен Айдың тартылысы оны өз орбитасынан біртіндеп ығыстырады.

Фото: tiek.kz

Ұшуды басқару бөлімінің инженері Евгений Сунцовтың алдында спутниктің дәл қазіргі орны мен алдағы жоспарларының сызбасы жатыр. Оның айтуынша, спутникті дұрыс орбитада ұстап тұру — күрделі процесс.

«Спутникті қолмен басқарып отырған жоқпыз. Ұшу тапсырмасы бағдарламалық түрде жасалады. Инженерлер мен баллистика мамандары есептеп, келісіп болған соң, қозғалтқыштарды қашан және қанша уақытқа қосу керектігі туралы тапсырма спутникке жіберіледі», – дейді Евгений Сунцов.

Фото: tiek.kz

Яғни, жердегі инженер спутникті ойын пультімен (джойстикпен) оңға-солға бұрмайды. Ғарыштағы қозғалыс алдын ала есептеледі де, аппарат қажетті түзетуді өзі орындайды.

Монитордағы мыңдаған көрсеткіш және ғарыштағы «автотұрақ»

Ұшуды басқару залының іші ерекше. Экрандардағы қарапайым көрінетін мыңдаған санның әрқайсысы — маңызды параметр. Спутниктің температурасы, қысымы, кернеуі — бәрі телеметрия арқылы жерге түседі.

«Біз күндіз де, түнде де жұмыс істейміз. Сондықтан кез келген кішкентай ақауды бірден байқау үшін дыбыстық және визуалды ескерту жүйелері қатар істейді. Бір көрсеткіш қалыптан шықса, жүйе бірден дыбыс береді», – деп түсіндірді инженер.

Фото: tiek.kz

Ғарыштың өз қатал заңдары бар:

  • Отын шектеулі: Спутникте екі бакқа бөлінген шамамен 70 кг ксенон қоры бар. Ол бүкіл қызмет мерзіміне жетуі тиіс.

  • Экстремалды температура: Ғарышта ауа жоқ. Аппараттың Күнге қараған жағы +30 градусқа дейін қызса, көлеңкелі жағы -5 градусқа дейін салқындайды.

  • Қатаң тәртіп: Геостационарлық орбитада әр спутниктің өз «көршілері» мен позициясы бар. Евгений Сунцов мұны автотұрақпен салыстырады:

«Бұл автотұрақтағы орын сияқты. Белгілі бір орынды алып тұрсың. Сондықтан спутникті жай ғана тастап кетуге болмайды». Қызмет мерзімі біткен аппарат арнайы «зират орбитасына» (жоғарырақ орбитаға) шығарылады.

KazSat адамдарды аңду үшін ұшып жүрген жоқ

Көпшілік спутник десе, бірден Жерді бақылауды, суретке түсіруді елестетеді. Алайда KazSat жүйесінің негізгі міндеті — байланыс.

Фото: tiek.kz

Республикалық ғарыштық байланыс орталығының Жоспарлау, сату және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Болат Сейітовтің айтуынша, Қазақстан сияқты алып аумақта бұл өте маңызды.

«Қазақстанның аумағы өте үлкен. Бүкіл жерде оптикалық талшықпен қамту немесе мобильді интернет орнату мүмкін емес. Осы тұрғыдан теледидар мен интернетті ең шалғай нүктелерге тарату үшін ғарыш аппараттарының рөлі зор», – дейді Болат Сейітов.

Бұл жүйенің экономикалық тиімділігі де орасан: 2011 жылдан бері шетелдік қызметтерден бас тартудың арқасында 130 миллиард теңге үнемделген. Одан бөлек, Қазақстан Орталық Азияның бірқатар елдеріне де спутниктік қызмет көрсетеді.

KazSat-2-нің орны бос қалмайды

Қазіргі таңда KazSat-2-нің пайдалану мерзімі аяқталуына байланысты маңызды кезең жүріп жатыр — оның жүктемесін басқа аппараттарға көшіру басталды. Бірақ бұл қарапайым қолданушылар үшін мүлдем білінбейтін процесс.

«Бұл көшіру жұмысы басталды, бірақ қарапайым азамат оны байқамауы мүмкін. Мұның бәрі алдын ала жоспарлы түрде жүргізіледі. Байланыс үзілмейді», – деп сендірді Сейітов. Алдағы уақытта KazSat-3 аппараты одан да жетілдірілген KazSat-3R спутнигіне алмасады деп күтілуде.

Фото: tiek.kz

Ғарышпен байланысқан тағдырлар

Орталық мамандарының қатарында ғарышпен бала кезден байланысқан жандар да бар. Ұшуды басқару бөлімінің инженері Нұртай Сайфуллиннің бұл салада жүргеніне алты жыл болған.

Фото: tiek.kz

«Мен Байқоңырда дүниеге келдім. Әкем космодромда жұмыс істеді. Сондықтан бала кезімнен ғарышқа жақын болдым. Қазір біздің спутник арқылы Қазақстан бойынша теледидар мен радио хабарларын таратуға мүмкіндік бар екенін сезіну, елдің өз байланысының болуына үлес қосу — мен үшін өте маңызды», – дейді ол.

Жердегі тыныштық, ғарыштағы қозғалыс

Ақкөлдегі алып антенналар түн ауа да сол орнында мызғымай тұрады. Ғимарат ішіндегі мониторлар сөнбейді. Бір бөлмеде телеметрия қадағаланса, екіншісінде баллистиктер күрделі есеп жүргізуде. Үшіншісінде байланыс спектріндегі табиғи және техногендік шулар сүзіліп жатыр.

Ақкөлдегі орталық сырт көзге тым тыныш көрінгенімен, дәл осы тыныштықтың ішінде бүкіл Қазақстанның ғарыштағы байланысының тамыры соғып тұр.

Фото: tiek.kz

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button