Сараптама

«Z буынға кеңестік ностальгиялық бренд өтпейді»:сарапшы Халық партиясының жеңілу себебін айтты  

Бұл партияның идеологиясы сол Кеңес Одағындағы ностальгиялық бренд ретінде, мына сайлаушылардың, 50-60-тан жоғары жастағы азаматтар ғана қызығушылық танытуы мүмкін.

Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) соңғы сайлау қорытындысы бойынша сайлаушылардың талап етілетін 5% дауысын жинай алмай, Құрылтайға өте алмады.

Партия сайлауда шамамен 3 төңірегінде ғана дауыс жинады. Партия басшылығы мұны елдегі саяси жүйенің кемелденуі және партиялар арасындағы бәсекенің артуы деп түсіндірді.

Ал Саясаттанушы, PhD Қазыбек Майгелдинов Қазақстан Халық партиясының 5 пайыздық межені бағындыра алмауының бірнеше себебі атап өтті.

«Біріншіден, бұл енді соңғы уақыттардағы партияның саяси күш ретіндегі құлдырауының бір заңды жалғасы деп бағалауға болады. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Халық партиясы бұрынғы коммунистік бағыттағы партия, соңғы электоралды циклдерде билікке лоялды, солшыл бағыттағы партия ретінде дауыс жинап келді. Бірақ мына кешегі өткен Құрылтайға сайлауда екі кедергіге тап болған сияқты. Біріншіден, 5 пайыздық межеде бұл жерде бәсекелестер, соның ішінде Әділет партиясы, негізгі дауысты шоғырландыра алды деуге болады. Алдын ала әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерін көрдік: 67-68 пайыздан жоғары. Соңғы Орталық сайлау комиссиясының нәтижесі де сол 71-72 пайыздың арасында көрсетіп отыр. Яғни, басқа саяси додаға қатысып отырған 6 партия үшін қалған сол 30 пайыз дауыс үшін үлкен талас жүрді. Осы тұрғыдан алған кезде, менің ойымша, бұл сол асты дауыстың бір жаққа кетуі және қалған дауысқа, сайлаушылардың дауысына бәсекенің ең тартысты болғандығында», — дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол Қазақстан Халық партиясының идеологиялық тұрғыдан ескірген ұйым екенін айтады. 

«Осы жолы басты бәсекелесі, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия бұл жолы басымырақ, яғни солшыл әлеуметтік дауысты жинауда басымырақ болды. Соның нәтижесінде бұл да, жаңағы, осы біз көріп отырған 3 пайыз ғана дауыс табуына алып келген сияқты. Және енді объективті себепті де айта кетуіміз керек: бұл партияның идеологиясы сол Кеңес Одағындағы ностальгиялық бренд ретінде, мына сайлаушылардың, 50-60-тан жоғары жастағы азаматтарға қызығушылық танытуы мүмкін. Бірақ енді, мұндай идеология қазір тартымдылығы азайып келе жатқанын айтуға болады. Өйткені жаңа буындар өсіп келе жатыр. Жаңа буындар болғанда, сол, мысалы, Z буынын айтатын болсақ, олардың көзқарасы да, саяси бағыттылығы да мүлдем өзгеше. Сол коммунизмді аңсау оларда жоқ, ол тіпті естерінде де жоқ. Сондықтан осы тұрғыдан алған кезде, бұл партияның жалпы саяси тартымдылығы, менің ойымша, төмендеп кетті», — деп атап өтті Қазыбек Майгелдинов.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button