Спорт
Тренд

Тоқаев Елена Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаны әлемдік рейтингте көш бастауымен құттықтады.

Мемлекет басшысы құттықтауында Рыбакинаның WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілуін оның спорттағы ең биік жетістіктерінің бірі екенін атап өтті.

«WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілуіңіз – феноменалды талантыңыздың, орасан зор еңбегіңіздің және өз күшіңізге деген мызғымас сеніміңіздің арқасында жеткен спорттық шыңыңыз. Бұл тарихи жетістік Қазақстан спортын әлемге танытып, есіміңізді дүниежүзілік теннис тарихына жазды», – делінген құттықтауда.

Тоқаев теннисшінің жетістікке жету жолы Қазақстандағы мыңдаған жас спортшыға және әлемдегі миллиондаған теннис жанкүйеріне үлгі болатынын айтты.

Президент сонымен қатар Рыбакинаның алаңдағы және көпшілікпен қарым-қатынастағы жоғары мәдениетін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, бұл спортшының парасаттылығы мен тәрбиесін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаға чемпиондық жігерін сақтап, алдағы жарыстарда жаңа белестерді бағындыра беруін тіледі.

Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының ширек финалында Қытай өкілі Чжэн Циньвэньді жеңгеннен кейін WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Осылайша ол бұған дейін рейтингті бастап тұрған Беларусь теннисшісі Арина Соболенконы басып озды.

Қазіргі таңда Рыбакинаның жекелей сында WTA турнирлеріндегі 13 чемпиондық атағы бар. Ол «Үлкен дулыға» додаларында екі рет жеңіске жеткен. 2022 жылы Уимблдон турнирінде топ жарса, 2026 жылы Australian Open чемпионы атанды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button