Қоғам

Алаяқтар елді жасанды интеллект арқылы тонауға көшті

Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы жүзеге асатын интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілдері көбейгенін айтып, арнайы мәлімдеме жасады.

Ведомство мәліметінше, қылмыскерлер жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк өкілдері немесе өзге де ұйым мамандары ретінде таныстырады.  Сондай-ақ, суреттерді, аудио және бейнематериалдарды жасау мүмкіндіктерін белсенді түрде қолдануға көшкен.

«Атап айтқанда, азаматтарға бейнеқоңыраулар арқылы белгісіз тұлғалар жалған бейне мен дауысты пайдалана отырып, өздерін полиция қызметкерлері, ұлттық қауіпсіздік органдары немесе банктердің қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстыратын жағдайлар тіркелуде. Күдікті операцияларды анықтау немесе ақшаның сыртқа шығу қаупі деген сылтаумен олар азаматтарды ақшаны шұғыл түрде «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді.

Сонымен қатар ресми хабарламаларға ұқсас етіп жалған хабарламалар мен құжаттарды жіберу, мемлекеттік органдар немесе қаржы ұйымдары өкілдерімен байланыс орнатқандай әсер қалдыратын автоматтандырылған сервистер мен чат-боттарды пайдалану фактілері де кездеседі. Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, құпия мәліметтерді сұрамайтынын және телефон арқылы қаржылық операциялар жүргізуді ұсынбайтынын ескертеді.

Алаяқтықтың алдын алу үшін бейтаныс адамдардың ақша аударуға қатысты нұсқауларын орындамаңыздар, жеке және банк деректерін бермеңіздер, сондай-ақ келіп түскен ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріңіздер. Барлық алаяқтық фактілері мен әрекеттері туралы дереу полицияға хабарлау қажет, — дейді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button