«Үш сәбидің өмірін жалмаған өрт»: құтқарушылардың өтуіне кедергі келтірген көлік иесі жазаланды
Өрт сөндірушілер жолды жауып тұрған Hyundai маркалы көліктің кесірінен кірі берісте тұрып қалған. Көлік иесін табуға шамамен 20 минут уақыт кеткен.

Астанадағы жантүршігерлік өрт кезінде “Көркем-3” тұрғын үй кешенінің ауласына кірер жолды бөгеп тастаған көлік жүргізуші жауапқа тартылды.
Ведомствоның мәліметінше, ережеге қайшы қойылған автокөлік оқиға орнынан дереу алынған. Жүргізушінің кім екені анықталып, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
“Азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін және шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіретін заңбұзушылықтар қатаң түрде тыйылады”, – деп атап өтті Полиция департаменті.
Айта кетейік, жүргізушіге 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұған дейін БАҚ құралдары құтқарушылар ауладағы көліктердің кесірінен 15 минуттай алтын уақытын жоғалтқанын жазған еді. Нақты айтар болсақ, өрт сөндірушілер жолды жауып тұрған Hyundai маркалы көліктің кесірінен кірі берісте тұрып қалған. Көлік иесін табуға шамамен 20 минут уақыт кеткен. Көлік тура қақпа алдына қойылған, соның кесірінен арнайы техника үйге дер кезінде жақындай алмаған. Өрт сөндірушілер жолды тазартып, пәтердің есігін бұзып кіргенде, бәрі кеш болған. 13, 5 және 2 жастағы үш сәби тірідей жанып кеткен.
12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде өрт шыққан. Пәтер ішінен үш баланың денесі табылды. Өрт сөндірушілер бір әйелді құтқарып, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан.



