Атыраудағы педофил әкімнің туысы болып шықты
Жаназаға мыңдаған адам, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де қатысқан.

Кейбір БАҚ құралдары Атыраудағы түзеу мекемесінде соққыға жығылып көз жұмған 51 жастағы адамның жаназасына жүздеген адам қатысқанын жазып жатыр. Алайда жиналған жұрттың көбі марқұмның кішкентай қыздарды зорлағаны үшін сотталғанын білмеген.
Жаназа 25 наурызда «Иманғали» орталық мешітінде өткен. Оған жүздеген адам жиналды.
Куәгерлердің айтуынша, жиынға тіпті қалалық әкімдік пен қадағалау органдарының өкілдері де қатысқан. Намаздан кейін қаладағы үлкен банкет залдарының бірінде ас беріліп, марқұмның денесі өзі туып-өскен Жылыой ауданындағы Құлсары қаласына жерлеуге әкетілді.
Айта кетерлігі өгей қыздарын зорлағаны үшін істі болып, кейін тергеу изоляторында қаза тапқан Дабыл Жәрдемұлы Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің туысы болып шыққан.
«Дереккөздердің мәліметінше, Дабыл Жәрдемұлы әкім Шәкір Кейкинге туыс болып келеді, бірақ туған ағайынды емес, сол себепті олардың тегі мен әкесінің аты екі түрлі», – деп хабарлады NewTimes.kz.
Сот Дабыл Жәрдемұлын кәмелетке толмаған екі өгей қызына қатысты аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныған. Үкім шыққанымен, ол заңды күшіне енгенше тергеу изоляторында қамауда отырған. Ресми мәлімет бойынша, 22 наурызда изоляторда болған жаппай төбелес кезінде көз жұмған.
Бұл оқиға жергілікті билік өкілдері мен құзырлы органдардың назарында. Қазіргі таңда тергеу изоляторындағы өлімге қатысты тексеру амалдары жүріп жатыр.



