Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы көз жұмды
Осыдан бірер күн бұрын әнші Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы жоғалып кетті деген ақпарат тараған еді.

Танымал әнші Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы Баир Сиқымбаевтың мәйіті табылды. Ол 24 наурызда Алматыдағы үйінен шығып кетіп, оралмаған болатын, деп хабарлайды tiek.kz.
Бұл туралы журналист Жазира Бегалы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. «Марқұмның неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз. Оның жары бұған дейін «Бармысың бауырым?» бағдарламасына шығып, жоғалған ұлын іздеген еді», — деп жазды.
Осыдан бірер күн бұрын әнші Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы жоғалып кетті деген ақпарат тараған еді.
«Бір аптадан бері Баирдан хабар жоқ. Ол дауысы ерекше, көрікті, талантты, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Сиқымбаеваның жалғыз ұлы екен. Енді Баир қайда жүр екен? Келіншегі журналистерден көмек сұрапты. Менің қырағы оқырмандарым, әншінің жалғыз ұлын бірге іздейік. Мына ақпаратты бөлісіңіздер, көпшілікке таратып, суреттегі азаматты көрсеңіздер хабарласыңыздар. Жұдырықтай жұмылып іздейікші. Оның анасы фейсбукте парақшама жиі пікір жазып отыратын. Марқұм әншіні 27 наурызда жұртшылық туған күнімен құттықтап жатты. Олар өнер иесінің екі жыл бұрын мәңгілік мекеніне кетіп қалғанын естімеген шығар деп ойладым. Көзінің қарашығындай Баиры үйіне аман-есен оралсыншы деп тілеймін», — деп жазған болатын журналист.



