Әнші Qarakesek Ақтөбеде көше сыпырып жүр
Ол өткен жылдың күзінде Ақтөбеде есірткіге мас күйде көлік басқарғаны үшін ұсталған еді. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған.

Qarakesek лақап атымен белгілі рэпер Омар Амантаев сот шешіміне сәйкес қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды tiek.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сот үкімі Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігіне жолданған. Өз кезегінде аудан әкімдігі құжатты көше тазалығы мен абаттандыруға жауапты мердігер ұйым – Damu Life ЖШС-не тапсырған.
Омар Амантаев жұмысқа Наурыз мерекесінен кейін кіріскен. Қазіргі уақытта ол белгіленген 100 сағат қоғамдық жұмысты атқарып жатыр. Рэпер көше тазалау, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіру жұмыстарына жұмылдырылған.
Омар Амантаев өткен жылдың күзінде Ақтөбеде есірткіге мас күйде көлік басқарғаны үшін ұсталған еді. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Сонымен қатар есірткі затын заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттелді. Бұдан бөлек, оған психиатриялық ем алу да жүктелген.


