Шерзат Полат ісі бойынша сотталғандар өздерін толық ақтауды сұрап Жоғарғы сотқа шағым түсірді

Марқұм Шерзат Болаттың өліміне кінәлі деп танылған екі сотталушы — Азамат Тоқтаубаев (15 жылға бас бостандығынан айырылған) және Дидар Қалихметов Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірген, деп хабарлайды tiek.kz.
Бұл туралы Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеді.
Адвокат Мейірман Шекеевтің айтуынша, Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметов өздерін толық ақтауды сұраған.
Жәбірленуші тарап кассациялық шағымдар туралы ақпаратты бүгін ғана білген. Сот отырысы өте қысқа мерзімде, яғни ертеңге тағайындалып қойған.
“Бұл кассациялық шағымды қазір ғана алуға мүмкіндік туды. Ал сот ертеңге тағайындалған екен. Сондықтан құрметті достар бізді қолдап отырыңыздар. Атап айтқанда, Тоқтаубаев Азаматтан 15 жылға сотталған, Дидар Қалиахмет 7 жылға сотталған, ақтауды сұрап отыр. Бізді қолдап кетіңіздер, әділдік әрдайым биікте болсын!”, – деді ол.
Марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бұл қадамға үзілді-кесілді қарсы. Ол ұлының өліміне кінәлілердің жазасын толық өтеуін және бостандыққа шықпауы тиіс екенін айтады.
Еске салсақ, қайғылы жағдай 2024 жылғы 4 қазан күні Талғар қаласында болған еді. 16 жастағы Шерзат Полат әкесіне дүкенде көмектесіп жүргенде өлімге әкелетін жарақат алған. Сатып алушымен жанжалдау қолма-қол төбелеске ұласқан, онда пышақ қолданылған. Жасөспірім және оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев жараланған, Шерзат ауруханаға жетпей қаза тапты.
Тергеуді ішкі істер министрі жеке бақылауға алған. 5 маусымда сот тоғыз адамды кінәлі деп таныған. Абзал Шынасыл 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға, Азамат Токтаубаев 15 жылға, Нуркияс Ільясов 9 жылға, тағы төртеуі – әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Кәмелетке толмаған қатысушы 1,5 жылға сотталып, кейін босатылған. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған. Тергеу кезінде белгісіз адамдар Шерзаттың отбасының үйін өртеп жіберген. Ал желтоқсанда Талғарда оның ағасының мәйіті табылған. Ресми нұсқа бойынша, ол өзіне қол салған.



