Қоғам

Елімізде су тасқынына қатысты қауіп сейілді

Қазіргі уақытта еліміздің басым бөлігінде су тасқынының белсенді кезеңі басталды. Бірақ соған қарамастан қауіптің беті барынша азайтылды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі тұрақты түрде мониторинг жүргізіп жағдайды, бақылауда ұстап отыр.

2026 жылғы 1 наурыздан бастап мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, ТЖМ су тасқынына қарсы жедел штабы жұмыс істейді. Барлық өңірлерде азаматтық қорғау қызметтері мен мүдделі ведомстволардың іс-қимылдарын үйлестіретін облыстық жедел су тасқынына қарсы штабтар жұмыс істеуде.

Қазіргі уақытта елдің оңтүстік және батыс өңірлерінде су тасқынының белсенді кезеңі барынша азайтылды. Қазір су тасқыны шыңы Ақмола облысының аумағында өтіп жатыр. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бақылауда.

Гидрологиялық жағдайдың тәулік бойы мониторингі және іс-қимылдарды үйлестіру қамтамасыз етіледі. Су тасқынына қарсы іс-шаралары жалғасуда және бақылауда.

Су тасқыны жағдайының күрделенуіне жол бермеу мақсатында алдын алу және жедел шаралар кешені іске асырылуда. ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және басқа да қызметтердің күшімен 9 млн астам текше метр қар шығарылды, 1,3 млн астам текше метр еріген су сорылды, 79 мыңнан астам қап және 103 мың тонна инертті материал төселді, 1,9 млн астам метр арықтар мен каналдар тазартылды, 5 мыңнан астам уақытша бөген пен үйінді тұрғызылды.

Жағдайды бағалау үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде. Барлығы 43 әуеден барлау жүргізіліп, 305 су тасқыны қаупі бар елді мекен тексерілді. Аэровизуалды бақылау жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар ТЖМ әскери бөлімдерінің әскери қызметкері  су тасқынына қарсы жұмыстарға Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерде шоғырланған.

Барлығы су тасқынына қарсы жұмыстарға 700 адам, 227 бірлік техника, 40 мотопомпа және 5 жүзу құралы (ТЖМ, ЖАО, ІІМ және басқа ұйымдар) жұмылдырылды.

Тоғыз өңірде 220 учаскеде жалпы ауданы 626 мыңнан  астам шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді, 29 мыңнан  астам метр мұз кесілді және 41 мың ойық бұрғыланды.

Қостанай, Павлодар, Ақмола облыстарында 11 судың тасуы мен  Ақмола облысындағы 4 су шаю бақылауда.

Ақмола облысында елді мекендерді су басудың алдын алу мақсатында превентивті шаралар қабылданды. 5 сәуірде Қорғалжын ауданы Сабынды ауылынан солтүстікке қарай 2 км жерде орналасқан «Шөптікөл» бөгетінің денесінде ішінара бұзылу тіркелді. Қазіргі уақытта бөгет қалпына келтірілді, елді мекендерге қауіп жоқ. Сондай-ақ Астрахан ауданында, Ескі Қалқұтан ауылына кіреберісте қардың қарқынды еруі мен Қалқұтан өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты судың тасуының алдын алу мақсатында автожол жамылғысы алдын ала бұзылды. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде Ескі Қалқұтан ауылымен көлік қатынасы уақытша тоқтатылды. Елді мекенге қауіп жоқ. Кезекшілік ұйымдастырылды. Халық дәрі-дәрмек, азық-түлік және жанар-жағармай қорымен қамтамасыз етілген.

ТЖМ әскери қызметшілері Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шараларды аяқтады. Алтай ауданында алдын алу мақсатындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға тартылған ТЖМ 68303 әскери бөлімінің екінші құтқару батальонының жеке құрамы Өскемен қаласындағы тұрақты орналасу орнына оралды. 12 наурыздан бастап жеке құрам Алтай ауданының елді мекендерінде, Тұрғысын, Чапаево, Малеевск, Соловьево, Маяк ауылдарында, Зубовск кентінде және Алтай қаласында су тасқынының алдын алу бойынша міндеттерді орындады. Батальон күшімен барлығы 4905 метр арық қар мен мұздан тазартылды, 6 көпір, 2 канал, 27 су өткізу құрылысы тазартылды, 1220 дана қап инертті материалмен толтырылды. Зубовск кентіндегі Бұқтырма өзенінің бөгені инертті материал толтырылған қаптармен нығайтылды. Сондай-ақ су басу қаупі бар елді мекендердің тұрғындарымен профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Облысқа келген ТЖМ 28237 әскери бөлімінің топтамасы Петропавл қаласында, Заречный кентінде және Қызылжар ауданының Бескөл ауылында жұмылдырылған. Аталған бөлімше күшімен Қызылжар ауданында және Петропавл қаласы маңында қорғаныш бөгендерін нығайту үшін 28 мың қап дайындалып, 10 мың қап төселді. Сонымен қатар Есіл өзенінің тасқын сулары бөгендерді шайып кетпеуі үшін 2 мың метр полиэтилен төсемі төселді. Су тасқыны жағдайын мониторингтеу аясында Есіл өзені бассейндеріне, Үлкен Торанғұл, Кіші Торанғұл көлдеріне, Шағалалы және Сілеті су қоймаларына, сондай-ақ Ақжар, Тайынша аудандары мен Ғ. Мүсірепов атындағы ауданындағы қар қоры әуеден визуалды тексеру жүргізілді. Жағдай тұрақты бақылауда.

Қостанай облысында су тасқыны кезеңі басталғалы бері су басу фактілері тіркелген жоқ. Су деңгейі қауіпті межеден аспайды. 7 сәуірдегі жағдай бойынша облыстағы ахуал тұрақты.

Абай облысында су тасқыны кезеңінің белсенді фазасы аяқталды, өңірдегі жағдай тұрақты болып қалып отыр. Қар жамылғысы шамамен 8%-ды құрайды және тек таулы аймақтарда ғана байқалады. Өзендердегі гидрологиялық жағдай тұрақты, өзендер мұздан ашылып, су нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде.

Қарағанды облысында су тасқыны жағдайы тұрақты болып қала береді, өңірде су тасқыны кезеңінің белсенді фазасы аяқталды.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button