Әлем

Иранда үкіметке қарсы шеруге қатысқан тағы бір адам дарға асылды

Иран билігі биылғы жылдың басында Исфахан қаласында болған тәртіпсіздіктерге қатысы бар деп айыпталған тағы бір адамға шығарылған өлім жазасын орындады. Елдің сот билігі 20 тамызда «Ариан» деген лақап аты бар Қайым Хоссейнидің дарға тартылғанын хабарлады.

Билік оны шетел азаматы, «жер бетінде іріткі салды», «Аллаға қарсы соғыс ашты», ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіріп, мемлекеттік мүлікті жойды деп айыптаған. Тергеу мәліметі бойынша, Хоссейни 8 қаңтарда Исфахандағы Әлихани алаңындағы тәртіпсіздіктерге қатысқан, ол жерде үкіметтің арнайы жасағының төрт қызметкері қаза тапқан.

Бұл іс бойынша Иранда дарға асылғандардың жалпы саны бес адамға жетті, ал кемінде тағы сегіз айыпталушы өлім жазасы кесілуі мүмкін дейді құқық қорғаушылар.

БҰҰ дерегі бойынша, кейінгі айларда Иранда қауіпсіздікке қатысты және саяси айыптар бойынша өлім жазасына кесілгендер саны артып келеді. Amnesty International құқық қорғау ұйымы Иран өлім жазасын қолдану жағынан әлемде Қытайдан кейін екінші орында тұр дейді.

Азаттық радиосы

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button