
Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасынан Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясат мәселелері бойынша бастама көтеру жөніндегі өмір бойғы құқығы алынып тасталды.
Президенттің Жарлығы 14 ші тамызда қабылданып, нормативтік-құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды. Бұған дейін тұжырымдаманың жетінші тарауындағы нормаға сәйкес, Қазақстанның Тұңғыш Президентіне тарихи миссиясына байланысты мемлекеттік құрылыс, ішкі және сыртқы саясат пен ел қауіпсіздігінің маңызды мәселелері бойынша халыққа, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға бастама көтеріп үндеу жасау құқығы берілген болатын. Бұл норма енді құжаттан толық алынып тасталды.
Сонымен қатар сыртқы саясат тұжырымдамасының мәтіні Қазақстанның жаңа Конституциясына сәйкестендірілді. Атап айтқанда, «Парламент» сөзі «Құрылтай» атауымен ауыстырылды. «Азамат» ұғымы «Қазақстан Республикасының азаматы» деп нақтыланды.



