Зеленский кеңсесі Лукашенкоға қарсы қылмыстық іс қозғауды сұрады

Украина Бас прокуратурасы Президент Владимир Зеленскийдің кеңсесінен Беларусь басшысы Александр Лукашенкоға қатысты қылмыстық іс қозғау мүмкіндігін зерттеу туралы өтініш алды. Бұл туралы «Укринформ» агенттігіне Бас прокурор офисінің спикері Марьяна Гаевская-Ковбасюк хабарлаған.
Оның айтуынша, өтініш қазіргі уақытта қаралып жатыр. Әлі де бұл өтініш негізінде ешқандай қылмыстық өндіріс тіркелген жоқ.
Қазіргі уақытта Лукашенконың Украина сотының алдында жауап беруінің «ешқандай перспективасы жоқ» болса да, оған қарсы қозғалған қылмыстық істі Батыстың Минскіге қысым көрсетуді жалғастыруы үшін Киев пен беларусь оппозициясы «дәлел ретінде пайдалануы мүмкін», деп атап өтеді Reuters агенттігі.
Өтініш Зеленский офисіне беларусь оппозициясынан түскен
Лукашенкоға қатысты қылмыстық іс қозғау бастамасымен Зеленский офисіне беларусь оппозициясының өкілдері — негізін қалаушылардың бірі Беларусь президенттігіне бұрынғы кандидат Валерий Цепкало болып табылатын Демократиялық күштер форумы жүгінді. Ол және оның үзеңгілестері Киевтен «Лукашенконың Украинаға қарсы Ресей агрессиясын қолдаудағы рөліне, Ресей әскерлерінің басып кіруі үшін Беларусь аумағын пайдалануына байланысты оның әрекеттеріне құқықтық баға беруді» сұрады, деп хабарланған болатын Демократиялық күштер форумының 28 шілдедегі Telegram-арнасында.
Өтініш авторлары агрессивті соғыс жүргізу, әскери қылмыстар, терроризмді қаржыландыру, Украинаның аумақтық тұтастығына қол сұғу, геноцид және соғыс үгіт-насихаты баптары бойынша қылмыстық өндіріс ашуды ұсынды. Хабарламаға Зеленский офисінен келген хат қоса берілген, онда Лукашенкоға қарсы қылмыстық іс қозғау туралы өтініштің Украина Бас прокурорына бағытталғаны айтылған.
Дереккөз: DW



