Мәдениет

«Орда», Ninety One және Дастан Оразбековке ән жазған сазгер Сержан Бақытжанұлы қайтыс болды

Сержан Бақытжанұлы Orda тобының «Қиын заман», «Ғашықсың ба?», «Жауап бер», «Тағдыр» және Дастан Оразбековтің орындауындағы «Көк аспан» әнінің авторы.

Отандық сазгер, Orda, Ninety One топтарының орындауындағы көптеген әннің авторы Сержан Бақытжанұлы өмірден озды.

Қайғылы хабарды композитордың досы, әнші Дастан Оразбеков Instagram парақшасында хабарлады.

Досым, Алла алдыңнан жарылқасын… Бүгінгі қайғылы хабар қабырғамызды қайыстырды.

Құрметті оқырман, бүгін өмірден менің досым, сырласым, әріптесім, ақылдасатын кеңесшім, өнер жолын бірге кешкен аяулы азамат – Сержан Бақытжанұлы өмірден озды.

Досым, сенің жазған әндерің сенің есіміңді мәңгілікке қалдырады. Мен бұған кәміл сенемін. Сенің қаламыңнан туған «Орда» тобының әндері, «Қыйлы заман», «Ғашықсың ба?», «Жауап бер», «Тағдыр». «91» тобына арналған шығармаларың, сондай-ақ менің орындауымдағы «Көк аспан» әні – бәрі де халықтың жүрегінен орын алған, ел аузында жүрген туындылар.

Сенің жомарттығың, кеңдігің, тереңдігің мені әрдайым таңғалдыратын. Сенімен сырласу, пікірлесу мен үшін үлкен бақыт әрі мақтаныш еді. Әр кездесуден кейін көңілім марқайып қайтатын. Өкінішке қарай, енді ондай күндер қайтып келмейді.

Алла Тағала алдыңнан жарылқап, бұл өмірде көре алмаған қызығың мен жете алмаған армандарыңды артыңда қалған қыздарыңа, бауырларыңа, ата-анаңа нәсіп етсін.

Сен біздің жүрегімізде мәңгі сақталасың. Жаның жәннатта, иманың жолдас болсын, досым», — деп жазған әнші.

Сержан Бақытжанұлы Orda тобының «Қиын заман», «Ғашықсың ба?», «Жауап бер», «Тағдыр» әндерінің, Ninety One тобының бірқатар туындыларының және Дастан Оразбековтің орындауындағы «Көк аспан» әнінің авторы.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button