Павлодардағы шаруаларды сусыз қалдырған құбыр жөнделді

Павлодарда қыруар қаржыға салынған суару жүйесінің істен шығуына байланысты Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылындағы шаруалардың сусыз қалғанын жазған едік. Салдарынан «Жангөбек» серіктестігінің егіс алқабы 40 градус ыстықта сусыз қалып, шаруалар шырылдап отырғанын айтып, редакциямызға хабарласқан.
«Таңертең біз екі алқапты суаруға қостық. Үшінші (екінші) алқап суарылып жатқан кезде, сорғы станциясындағы (насосный) қозғалтқыш қызып кетіп, өшіп қалды. Жағдайды тексеру үшін сорғы станциясына өзім бардым. Олар істен шыққан қозғалтқыштың орнына басқасын қосты. Менің көзімше станциядағы қысымды 4.6 – 4.7 атмосфераға дейін көтерді. Нәтижесінде екі суару қондырғысындағы қысым 2.2-ге дейін көтеріліп, суару жұмыстарын жалғастырдық. Біз суаруды күндізгі сағат 13:00-де бастап, шамамен кешкі 18:00-ге дейін жүргіздік.
Осы уақытта жарық өшіп қалды, сонымен қатар құбыр жарылды (порыв). Оқиға орнына Нұрлан Аспанович келген соң, сорғы станциясына бірге бардық. Сол жерге аудан әкімінің орынбасары мен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы да келді. Оларға жағдайды түсіндіріп, барлық себептерді көрсеттік. Олардың көзінше жарық тағы өшіп, құбырдың жарылған жерінен су кетіп жатқаны анықталды», — дейді шаруашылық өкілдері.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, құбырдағы ақау реттеліп, шаруаларға су беріліп жатыр.
«Сонымен қатар 2026 жылғы 4 шілдеде сағат 14:00-ге дейін диаметрі 600 мм болатын магистральдық су құбырындағы жарылыс салдарын жою жұмыстары аяқталды. Су беру толық қалпына келтірілді. Қазіргі таңда Павлодар облысы Ақтоғай ауданының Ауелбек ауылындағы суару нысаны штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Суармалы су толық көлемде берілуде. Нысанның жұмысына қатысты қандай да бір ескерту немесе ақау тіркелген жоқ.
2026 жылғы 3 шілдеде «ПРЭК» АҚ-ның электр беру желісінде болған қысқа тұйықталудың салдарынан сорғы станциясының электрмен жабдықталуы уақытша тоқтатылды. Бұдан бөлек, биыл «ПРЭК» АҚ берген электр желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарда бұрын талап етілмеген реклоузерді орнату қажеттілігі көзделген. Осыған байланысты «ПРЭК» АҚ-ның атына реклоузерді орнату мерзімін 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін кейінге қалдыру туралы кепілдік хат жолданды.
Қазіргі уақытта бұған дейін анықталған барлық ақау толықтай жойылды. 10 кВ электр беру желісін қалпына келтіру жұмыстары толық көлемде аяқталып, қажетті сынақтар жүргізілгеннен кейін желі қайта пайдалануға берілді. Нәтижесінде сорғы станциясының электрмен жабдықталуы толық қалпына келтірілді», — деп жауап берді Су ресурстары және ирригация министрлігі tiek.kz порталының ресми сауалына.
Министрліктің мәліметінше, Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылындағы «Жангөбек» ЖШС-нің жалпы аумағы 1063 гектарды құрайтын суармалы алқабына арналған инженерлік желілердің құрылысы» нысаны осы жылы Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында салынған. Мақсаты — бұрын суармалы болған жерлерді қалпына келтіру.
Алайда жобалау кезінде біршама қателіктер кеткен.
«2017 жылы мемлекеттік сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжатты (ЖСҚ) әзірлеу кезінде құбыр желісін орнатуға қажетті жұмыстар мен материалдар ескерілмеген, жер қазу жұмыстарының көлемі төмендетіліп есептелген, сондай-ақ қолданыстағы су құбырын бөлшектеу жұмыстары қарастырылмаған. Бұл жобалау-сметалық құжаты «Жангөбек» ЖШС-нің тапсырысы бойынша әзірленген. Сонымен қатар жобалау-сметалық құжатты «Павлодар өңірлік электр желілік компаниясы» АҚ-мен («ПРЭК» АҚ) келісу кезінде реклоузер орнату мәселесі де қарастырылмаған. Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК Павлодар филиалы «Жангөбек» ЖШС-нің 320 гектар суармалы алқабына бір сорғы агрегаты арқылы суармалы суды жеткізуді қамтамасыз етіп отыр», — делінген хабарламада.


