Мәдениет

Маңғыстауға аты айналған актер Джеки Чан келді

Маңғыстауда «Доспехи Бога 4: Ультиматум» көркем фильмі түсіріліп жатыр.

Өңірге аты аңызға айналған актер, режиссер, продюсер әрі жекпе-жек өнерінің шебері Джеки Чан барды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ол халықаралық «Доспехи Бога 4: Ультиматум» (Armour of God: Ultimatum) көркем фильмінің түсіріліміне қатысады. Актерді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қарсы алды.

Маңғыстаудың ауқымды халықаралық киножобаның негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде таңдалуы әлемдік киноиндустрияның Қазақстанның бірегей табиғи ландшафттарына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Фильмнің басты түсірілім орындарының бірі — әлемге әйгілі Бозжыра шатқалы болмақ.

Кездесу барысында Нұрдәулет Қилыбай мұндай ауқымды халықаралық жобалардың өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және Маңғыстаудың әлемдік деңгейдегі танымалдылығын күшейтуге зор серпін беретінін атап өтті.

Джеки Чан жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Маңғыстаудың табиғи ландшафттары ерекше кинематографиялық әлеуетке ие екенін және болашақ фильмнің ең көрнекті көріністерінің біріне айналатынын айтты.

«Доспехи Бога 4: Ультиматум» (Armour of God: Ultimatum) жобасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Фильмнің өндірісімен қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы айналысады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button