Әлем

«Бітім аяқталды»: Иран-АҚШ арасындағы жағдай тағы ушықты

Трамп бұдан былай Тегеранмен ешқандай келіссөз болмайтынын хабарлады. Бұл туралы НАТО-ның бас хатшысы Марк Рюттемен бірге өткен баспасөз мәслихатында сөз болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, АҚШ президенті Дональд Трамп Иран басшылығынан әбден көңілі қалғанын ашық жеткізді.

– Мен үшін бітім аяқталды. Енді олармен ешқандай іс жүргізгім келмейді. Олар қатыгез әрі агрессивті. Біз келісім жасаймыз, бәрі келіседі, «ядролық қару болмайды» деп уағдаласамыз. Ал кейін олар журналистер алдына шығып, мұндай мәселе мүлде талқыланбағанын айтады, – деді Трамп Иранмен арадағы келісімдердің болашағына қатысты сұраққа жауап бергенде.

Сонымен қатар, АҚШ президенті өзінің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Тегеранмен байланысын жалғастыруына қарсы емес екенін жеткізді. Десе де, өзі мұндай келіссөздерді «уақытты босқа шығындау» деп санайтынын айтты.

Осы жиында Трамп Испанияны да сынға алып, елдің НАТО алдындағы қорғаныс шығындарын жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу жөніндегі міндеттемені орындаудан бас тартқанын атап өтті.

Мұнан бөлек, АҚШ президенті Гренландия мәселесін тағы да көтеріп, «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін аралды Данияның қарамағына қайтару дұрыс шешім болмаған» деген пікірін білдірді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button