Депутаттар «Маша және аю» мультфильмін видеосервистерден алып тастауды талап етті
Депутаттар хатта төрт жасар Машаның кейбір әрекетінде “пропагандистік контент” барын жазған.

Британ депутаттары “Маша және аю” мультфильмін видеосервистерден алып тастауды талап етіп жатыр.
50-ден астам британдық депутат Ұлыбританияның мәдениет министріне хат жазып, “Маша және аю” мультфильмін видеосервистерден алып тастауды талап етті. Бұл жөнінде The Guardian жазды.
Бұған дейін Netflix мультсериалдың екі жаңа кезеңін сатып алып, 100-ден астам елде көрсету лицензиясын кеңейту туралы шешім қабылдаған. Арасында британдық ITVX сервис те бар.
Депутаттар хатта төрт жасар Машаның кейбір әрекетінде “пропагандистік контент” барын жазған. Ескерту-сын нақты екі эпизодқа қатысты: бірінде Маша танк шлемін киіп алады, екіншісінде НКВД бас киімін елестететін қалпақ киеді. Депутаттардың пікірінше, бұл “жаһандық балалар аудиториясын советтің әскери символикасын қалыпты етіп көрсетуге бейімдейді”.
Хат авторлары Украинаның “жалған ақпаратпен күрес орталығының” түсініктемесіне сүйенеді. Онда “Маша және аю” бұл мультфильм ғана емес, Ресейдің “жұмсақ күші” құралы, “Маша арқылы өзге халықтың дәстүрі әжуаланады, совет символдары мен милитаристік тақырыптар қалыпты нәрсеге айналдырылады” деп жазылған.
Animaccord студиясы айыптауларды жоққа шығарады. Оның өкілі Мелани Бонвичино мұны “жалған ақпарат әрі жала” деп атап, компанияның үкіметтен қаржы алмайтынын атап өтті.
Азаттық радиосы



