Ақтөбеде көлікте жарылыс болып, үш адам тірідей жанып кетті (ВИДЕО)
Автокөлік салонынан үш адамның мәйіті табылды, олардың екеуі - кәмелетке толмағандар.

2026 жылғы 19 маусымда сағат 22:55-те 112 пультіне Ақтөбе қаласындағы Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю станциясының аумағында автокөліктің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жоғарылатылған шақыру дәрежесі бойынша жіберілді.
Өрт хабарлама түскеннен кейін 8 минут өткен соң, сағат 23:03-те толықтай сөндірілді. Өрт сөндірушілер жалынның автогаз құю станциясының нысандарына таралуына жол бермеді.
Өртті сөндіру барысында автокөлік салонынан үш адамның мәйіті табылды, олардың екеуі — кәмелетке толмағандар. Бір зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізіліп, ауруханаға жатқызылды.
Оқиғаны жою жұмыстарына Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандарын қоса алғанда, ТЖД-ның 50 ге жуық қызметкері және 10-нан астам техника бірлігі жұмылдырылды.
Өрттің шығу себептері анықталуда. Аталған факті бойынша қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.



