Маңғыстауда екі жасар қыз ойнап жүріп, қарақұрт жұтып қойған
Он күн бойы реанимацияда жатып, комаға түседі.
Маңғыстауда қарақұрт шақты деген күдікпен кішкентай қыз ауруханаға жатқызылған. Облыстық балалар ауруханасына жеткізілген екі жасар қыз он күн бойы реанимацияда жатып, комаға түседі. Дәрігерлер қарқынды терапия жүргізіп, қарақұртқа қарсы шаралар қабылдауға мәжбүр болған,. Баланың жағдайы тұрақталғаннан кейін үйіне шығарылды.
Lada.kz басылымының жазуынша, қыз ойнап жүріп өрмекшіні жұтып қойған. Оны ойнап жүрген балалардың бірі көріп, үлкендерге айтқан. Кейін қыздың жағдайы күрт нашарлап, шұғыл медициналық көмек қажет болған.
Алдымен аудандық ауруханаға жеткізілген қыз кейін медициналық авиация арқылы облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды.
Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаевтың айтуынша, науқасты ауыстырмас бұрын дәрігерлер аудандық аурухана мамандарымен телемедициналық кеңес өткізіп, емдеу тактикасын талқылаған.
“Баланың жағдайы ауыр болғандықтан, дәрігерлер қарақұрт уына қарсы сарысу енгізіп, оны шұғыл түрде облыс орталығына жеткізу туралы шешім қабылдаған. Бүлдіршін медициналық авиацияның реанимациялық бригадасының сүйемелдеуімен өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған күйде тасымалданған. Облыстық балалар ауруханасына түскен кезде қыздың жағдайы аса ауыр деп бағаланып, ол бірінші дәрежелі комада жатқан. Дәрігерлер дереу қарқынды емді бастап, консилиум өткізіп, республикалық деңгейдегі мамандармен қосымша кеңес ұйымдастырған. Емдеу барысында қарақұрт уына қарсы сарысу екі рет енгізілген”, – делінген ақпаратта.



