Экология

Неліктен Қазақстан мен Өзбекстандағы АЭС құнын салыстыруға болмайды – сарапшы пікірі

Соңғы бірнеше күнде кейбір телеграм-арналарда Қазақстан мен Өзбекстанда салынатын АЭС-тердің құрылысын салыстырып, екеуінің құнына қатысты айтарлықтай айырма барын жазып жатыр. Жазуынша, Қазақстандық жобаның бағасы расында да айтарлықтай  жоғары болып отыр, деп хабарлайды tiek.kz.

Алайда Ұлттық ядролық орталықтың басшысы Ерлан Батырбеков Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құнын Өзбекстандағы салыстырудың дұрыс еместігін айтады. Айтуынша, АЭС салу – бұл жоғары технологиялық және өте күрделі құрылыс. Бір технологияға негізделсе де әр жоба өзінше бірегей болып есептеледі.

«Ең алдымен, бұл екі нақты жобаны алғашқы жарияланған құны бойынша өзара салыстыру мүлдем қисынсыз екенін айтқым келеді. Нақтырақ айтсақ, Қазақстандағы «Ленинград жобасының» ВВЭР-1200 энергоблоктары базасындағы жоба мен Өзбекстан таңдаған, әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын екі ВВЭР-1000 реакторы мен екі РИТМ-200Н реакторын орналастыру жобасын салыстыру дұрыс емес.

АЭС салу – бұл жоғары технологиялық және өте күрделі құрылыс. Тіпті бұрыннан тексерілген және тәжірибеден өткен технологияға негізделсе де, әрбір жоба бірегей болып есептеледі.

Оның үстіне жобаның құнын талдау кезінде өзбекстандық әріптестер өз жобасының түпкілікті құнын есептеуде нақты қандай қаржылық модельді қолданғаны белгісіз.

Сонымен қатар несиелендіру шарттары, меншікті және қарыз капиталының арақатынасы, пайда нормасы мен бағамдық қатынастар қалай есептелді деген мәселе тағы бар. Осы экономикалық факторлардың барлығы, әсіресе несиенің өзіне қызмет көрсету құны АЭС-тің соңғы жалпы құнын бағалауға түбегейлі әсер етуі мүмкін. Бұл деректерсіз қағаз жүзіндегі кез келген баға салыстыруларының еш мәні жоқ», — дейді Ұлттық ядролық орталықтың басшысы Ерлан Батырбеков.

Сондай-ақ ол Қазақстанның не үшін петербургтік конструкторлар әзірлеген және қауіпсіздік жөніндегі еуропалық талаптарға толық жауап беретін ВВЭР-1200 жобасы таңдағанын тоқталды. Маманның түсіндіруінше, бұл «Росатом» МК-ның әлем бойынша құрылысқа ұсынып отырған флагмандық, референттік және әбден пысықталған жобасы. Мысалы, Мысырдағы «Эль-Дабаа» АЭС-і, Венгриядағы «Пакш-2» АЭС-і, Қытайдағы «Тяньвань» және «Сюйдапу» АЭС-тері осы технологиямен салынуда.

«Біздің білуімізше, қазіргі уақытта ВВЭР-1000 энергоблоктарына мұндай жоғары сұраныс жоқ. Ресей Федерациясының аумағында да ВВЭР-1200 реакторлық қондырғыларына басымдық беріледі. Бұл ВВЭР-1000 реакторлары нашар деген сөз емес, оларды атомдық машина жасау саласының әртүрлі дәуірлері мен даму кезеңдеріне жатады деп түсіндірген орынды.

Қазақстан мен Өзбекстандағы АЭС-терге қажетті құрылыс материалдары, металл және басқа да жабдықтар көлемі шамамен ұқсас екенін ескерсек, соңғы нәтижеде екі жобаның бағасы іс жүзінде бірдей болады деп күтілуде», — дейді ол.

Қазақстандағы АЭС жобасын кім жүзеге асырады?

Қазақстанда жоба «Росатом» МК бастаған халықаралық консорциумның күшімен жүзеге асырылады. Баяу жүретін бу турбинасын жеткізуші ретінде франциялық Arabelle компаниясы қарастырылуда. Сондай-ақ, турбиналық жабдықтар шығаратын, тәжірибеден өткен Қытай мен Кореяның өндірушілері бар. Мұндай әртараптандыру (диверсификация) бір жағынан алғашқы АЭС-іміз үшін ең үздік жабдықтарды алуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізуге қатысты қазіргі заманғы тәуекелдерді азайтады деп күтіліп отыр.

«Жобаның құны тек энергоблоктардың құрылысын ғана қамтымайды. Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Үкіметаралық келісімдерге қол қою барысында мәлімдегендей, 14,4 млрд доллар – алдын ала бағалау бойынша, тікелей АЭС-тің екі энергоблогының құрылысына жұмсалады. Сол секілді физикалық қорғаныс жүйесін құруға, кепілді пайдалану кезеңіне ядролық отын сатып алуға, сондай-ақ қажетті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға деп 2 млрд доллар қарастырылған. Жалпы айтар болсақ, қазіргі таңда «Балхаш» АЭС жобасына қатысты біршама жұмыстар атқарылды. Нақты айтар болсақ, Инженерлік-геодезиялық, экологтық-ландшафтық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілді. Мәдени мұра объектілері де зерделенді.

Қазіргі уақытта аэрометеорологиялық және гидрологиялық жағдайларды міндетті түрде бір жыл бойы бақылау циклі жалғасуда. Осы іздестіру жұмыстарының толық мәліметтері жиналған бойда, олардың негізінде «Балхаш» АЭС құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталады», — деп түсіндірді Ерлан Батырбеков.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button