Тұрғындардың шағымынан кейін Екібастұздағы экологиялық ахуал тексеріліп жатыр

Екібастұз тұрғындары қаланы қалың түтін басып жатқанын айтып шағымданып жатыр. Павлодар облысының бас экологиялық инспекторының м.а. Жомарт Кәрімов өңірдегі экологиялық жағдай, кәсіпорындардағы тексерістер мен тұрғындардың шағымдары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Экологтың айтуынша, қалада мұнда й мәселе бар, бірақ шекті мөлшерден асып кету деректері тіркелген жоқ. Бірақ соған қарамастан, қала тұрғындарының шағымдары негізінде қазіргі уақытта «Аксуэнерго» ЖШС көмір разрезіне қатысты тексеріс жүріп жатыр.

Мұндай жағдайлар белгілі бір дәрежеде маусымдық сипатқа ие. Мысалы, ауа райының ыстық болуы көмір разрездерінің үйінділерінде эндогендік өрттердің тұтануына әсер етті. Ал ГРЭС-1 жұмысы маусымға байланысты емес, алайда ауа райы штиль болған кезде ластағыш заттардың атмосферада таралуы әлсірейді. Желсіз ауа райында шығарындылар желдетілмей, смог пайда болады. Мұның басты себептерінің бірі – көмір разрездерінің қалаға тым жақын орналасуы және ірі кәсіпорындардың жұмысы.
«Екібастұз – көмір разрездері мен ірі гидроэлектростанциялар, ГРЭС-тер шоғырланған өнеркәсіптік өңір. Мұнда бүкіл Павлодар облысы бойынша жалпы валдық шығарындылардың 40%-ы тиесілі. Жақында экология қызметкерлері санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарымен бірге Екібастұз қаласы мен ірі кәсіпорындардың санитарлық-қорғаныш аймақтарында ауа сапасына зерттеу жүргізді. Кешкі уақытқа дейін созылған тексеріс кезінде анықталған көрсеткіштер бойынша шекті мөлшерден асып кету деректері тіркелген жоқ.
Дегенмен, қала тұрғындарының шағымдары негізінде қазіргі уақытта «Ангренсор энерго» ЖШС көмір разрезіне қатысты тексеріс жүріп жатыр. Тексеру барысында эндогендік өрттердің фактілері анықталды. Бұл көмірдің қалдықтарына оттегі мен ылғал түскен кездегі химиялық тотығу процесі, ал температураның критикалық деңгейге көтерілуі түтін мен ластануға әкеп соғады», — дейді ол.
Жыл басынан бері осындай жағдайлар «Шығыс» көмір разрезінде (ЕЭК АҚ), «Богатырь» көмір разрезінде («Богатырь Көмір» ЖШС) және «Ангренсор энерго» ЖШС-де тіркелген. «Шығыс» және «Богатырь» разрездері бұл тотығу процестерін жойғанымен, «Ангренсор энерго» ЖШС-де әлі де жалғасуда. Осыған байланысты кәсіпорынға қатысты әкімшілік жауапкершілік көзделіп, бұл қайталанған заңбұзушылық болғандықтан, экологиялық рұқсат етілімнің қолданысын тоқтату туралы сотқа талап арыз беріледі.
«Сонымен қатар, өткен аптада «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-ге қатысты тексеріс аяқталды. Онда рұқсат етілген шекті шығарындылар нормативтерінің асып кеткені анықталды. Әкімшілік іс қозғалып, кәсіпорын материалдарды сотқа беруді сұрағандықтан, істі сот қарайтын болады. Нәтижесінде кәсіпорын жауапқа тартылып, бұзушылықтарды жою туралы тиісті нұсқамалар беріледі», — дейді ол.
Тұрғындар үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Экологиялық департамент қоғам белсенділерімен, атап айтқанда Федоров есімді азаматпен тығыз байланыс орнатқан. Белсенділер ГРЭС-1 және ГРЭС-2 кәсіпорындарына барып, қоғамдық бақылау мен тексеріс шараларына қатысады. Алдағы уақытта жел розасы есептеліп, әлеуетті ластаушылар анықталып, тексерістер тағайындалады.
«Ангренсор энерго» ЖШС бойынша нұсқамалардың орындалмауына байланысты экологиялық рұқсатты тоқтату – мәжбүрлі, бірақ қажетті шара. Бұдан басқа да тиісті жұмыстар жалғасады. Қазіргі таңда тұрғындар мен қоғам өкілдері үшін ашық диалог алаңы құрылған. Сонымен қатар, қоғам белсенділері зертхана мамандарымен бірге қалаішілік селитебтік аймақтар мен өнеркәсіптік зоналарда ауа сапасына бірлескен өлшеулер жүргізіп, бұл жұмыстың қалай атқарылатынына өз көздерімен куә болды. Мұндай зерттеулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.



