Мәдениет

Мұхтар Жәкішевтің құдалары Алматыға келді (ВИДЕО)

Шетелдік құдағи Эне Оби өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Алматыдағы сапарынан ерекше әсер алғанын жазған.

Лондонда қызын ұзатқан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев шетелдік құдаларын Алматыда күтіп алды, деп хабарлайды Politico.kz сайты.

Күні кеше белгілі кәсіпкердің 1999 жылғы қызы Алтынай Ұлыбритания астанасында некесін қиған болатын. Енді екі жастың отбасы қуанышты қазақ жерінде жалғастырып жатыр. Шетелдік құдағи Эне Оби өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Алматыдағы сапарынан ерекше әсер алғанын жазып, тау бөктеріндегі демалысымен бөлісті.

Кадрлардан шетелдік меймандардың Шымбұлаққа барып, ұлттық киіммен садақ атып, атқа мінгенін көруге болады. Олар таза ауада алтыбақан теуіп, қазақтың дәстүрлі келін түсіру жоралғысын да тамашалаған.

«Бүгін біз қазақ мәдениеті мен тарихын жақынырақ тану үшін тауға бардық, онда атқа мініп, садақ атып, дәстүрлі қазақ тойының көрінісін көрдік. Үйге оралған соң Алтынай маған арнайы массаж ұйымдастырып берді, Азия мен Африкадағы массаждың жөні бөлек қой, олар бойыңдағы барлық түйінді тауып, сергітіп тастайды», — деді Эне Оби.

Сондай-ақ ол жаңа құдаларының қонақжайлығына тәнті болғанын жасырмады.

«Саяхат әлемді көруге ғана емес, бұл ғажайып дүниеден көп нәрсені үйренуге де үлкен мүмкіндік береді, Алматыға келіп, құдаларымызбен танысқаныма өте ризамын», — деді ол.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button