Әлем

9 жасар қызды күйеуге беруге болады деген имам елден қуылды

Италия билігі ел аумағында радикалды идеяларды насихаттап, педофилия мен ерте некені ақтауға тырысқан Пәкістан азаматы, имам Әли Кашифті депортациялады, деп хабарлайды tiek.kz.

Бұл шешім оның ұлттық телеарна эфирінде жасаған мәлімдемесінен кейін туындаған үлкен шудан кейін қабылданды.

Оқиғаның ақ-қарасы италиялық телеарналардың бірі жүргізген журналистік зерттеуден кейін белгілі болды. Тілшілер имаммен кездесу барысында жасырын камера қолданған. Түсірілім кезінде имам қоғамды шошындырған мәлімдеме жасап:

«9 жасар қыз баланы толықтай ересек адам деп санауға болады және оны 40 жастағы еркекке тұрмысқа беруде тұрған ешқандай айып жоқ», — деп ашық айтқан.

Бұл сөздер жазылған бағдарлама ұлттық эфирден көрсетілгеннен кейін, Италия қоғамы мен саясаткерлері арасында қатты наразылық басталды. Тұрғындар мен құқық қорғаушылар балалардың құқығын таптап, заңсыздықты дін атынан насихаттаған шетелдік азаматқа шұғыл шара қолдануды талап етті.

Аталған жайттан кейін Италияның Ішкі істер министрлігі мен Брешиа (Brescia) провинциясының квестурасы (полиция департаменті) іске кірісті. Имамның бұл әрекеті мемлекеттің құндылықтарына, заңнамасына қайшы және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін фактор ретінде бағаланды.

Осылайша, имамның Италияда тұруға рұқсат беретін құжаттарының күші жойылған. Ол арнайы күзеттің сүйемелдеуімен тікелей Пәкістан астанасы Исламабадқа ұшатын рейске отырғызылып, елден мәжбүрлі түрде шығарылды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button