Жақсылық Омарға қатысты үкім күшіне енген соң, облыс әкімі отставкаға өтініш берді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім заңды күшіне енгеннен кейін қызметінен кету туралы өтініш жазғаны белгілі болды.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Жақыпованың мәліметінше, облыс әкімі заңнама талаптарына сәйкес отставкаға өтініш берген. Алайда оның өтініші қанағаттандырылмаған.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов белгіленген тәртіппен отставкаға кету туралы өтініш берді. Өтініш қаралғаннан кейін, оның аталған іске қатысы жоқ екендігі ескеріліп, отставканы қабылдамау туралы шешім қабылданды. Облыс әкімінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы қызметі қалыпты режимде жалғастырып жатыр», – деп хабарлады ол.
3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жақсылық Омарды алаяқтық және пара алу факілері бойынша кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімімен оның Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.



