«Алтыннан да қымбат достық»: Астанада айрықша кітаптың тұсауы кесілді

Астанада тележурналист Айбек Қосановтың тұңғыш ертегілер кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды tiek.kz.
Кітап жинағына екі түрлі шығарма енген. Бірі жан-жануарлар әлемінің қиял-ғажайып туындысы. Екіншісі «Бұлақ неге жылады?» атты табиғат тақырыбына қалам тартқан ертегісі.
Автор балалар ертегісін жазуға өзінің тұңғыш қызы түрткі болғанын айтады. Қызы кейде қазақша тілдесіп ойнайтын орта таба алмай қиналып қала берген. Аулаға шықса да, көпшілік орынға барса да жиі кездесетін бұл проблема тілшіні қазақ тілінде ертегі жазуға түрткі болған.

«Менің алғашқы редакторым — ол менің тұңғыш қызым. Баланың миы біздікіндей емес, басқаша, басқа қырынан ойлайды. Мейілінше қарапайым жаздым. Бала ересек емес, сөздік қорының белгілі бір базасы бар, егер оны күрделі түрде жазатын болса, балалар әдебиеті болмай қалады. Соған негізделдім», — дейді автор.
Ертегілер кітабының тұсауын тілшінің тұңғышы әрі музасы Айбике кесті.
Бір қызығы, кітап басылымға шықпай тұрып, мұқабасының суреті Италияның Болонья қаласындағы халықаралық кітап жәрмеңкесінде жоғары бағаға ие болды.
Иллюстраторы Аружан Қайратқызының айтуынша, бұл автормен қашықтан бірлесе атқарған екі айлық еңбегінің жемісі.



