Қытайда шахтада жарылыс болып, 90-ға жуық адам қаза тапты
Апат кезінде жер астында 247 кенші болған.

Қытайдың солтүстігіндегі Циньюань уезінде орналасқан Люшэньюй көмір шахтасында алапат жарылыс болды. Шахтаға мол мөлшерде газ жиналып, арты жарылысқа ұласқан.
Апат кезінде жер астында 247 кенші болған.
ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігінің мәліметінше, апат салдарынан кемінде 90 адам қаза тапқан. Тағы тоғыз адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Жалпы саны 123 адам ауруханаға жеткізілген. Оның ішінде екі адамның жағдайы аса ауыр, тағы екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланған.
Оқиға орнына Шаньси провинциясынан құтқарушылар мен медицина қызметкерлерін қоса алғанда 755 адам жіберілді.
Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жоғалғандарды іздеу, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырды.
Мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шахтаға иелік ететін компанияның жауапты тұлғалары Қытай заңнамасына сәйкес бақылауға алынған.



