Мәдениет

«Дәрігерлер рұқсат етпеді»: Қыдырәлі Болманов жанкүйерлеріне сәлем жолдады

Қыдырәлі басында сахнаға мүгедектер арбасымен немесе креслода отырып шығуды жоспарлаған.

Белгілі әнші, продюсер Қыдырәлі Болмановтың Алматыда өтуі тиіс концерті кейінге қалдырылды. Бұл туралы әншінің өзі хабарлады, деп жазады tiek.kz.

Айтуынша, концерт денсаулығына байланысты шегеріліліп отыр. Қыдырәлі басында 3,5 мың адамдық аншлагты бұзбай, сахнаға мүгедектер арбасымен немесе креслода отырып шығуды жоспарлаған. Алайда дәрігерлер рұқсат етпеген. «Біз де темірден жаралған жоқпыз. Әрқашан намысты, ұятты алға тартамыз да, Алланың аманатқа берген денсаулығын бәрінен кейінге итере саламыз ғой… Ең басты себеп – дәрігерлерімнің рұқсат етпеуі», — деп ағынан жарылды өнер иесі.

Сонымен қатар, Республика сарайының алдағы 2-3 айға толық бос болмауы да шешім қабылдауды қиындатқан. Алайда, өмір бойы сахнада шапқылап үйренген өнер иесіне қозғалмай отырып ән салу өте ыңғайсыз тиген.

Дегенмен, Қыдырәлі Болман жанкүйерлерін көп күттірмейтінін жеткізді. Концерт тура бір айдан соң, 18 маусым күні — жұбайы Қарақат Әбілдинаның өнердегі 25 жылдығында өтетін болды. Әнші сол күні халық алдына «улучшенная версия» болып, екі аяғымен тік тұрып қызмет етуге уәде берді.

Бұған дейін Қыдырәлі Болманов қала сыртындағы демалыс кезінде аттан құлап, жарақат алған еді. Дәрігерлер тексеруінен кейін оның өкше сүйегі шытынағаны анықталып, аяғына гипс салынған. Соған қарамастан, өнер иесі алдағы концертінің өтетінін айтқан. «Санаулы күндер қалғанда кішігірім сынақ болды бұл. Елімнің алдына еңбектесем де шығарым анық. 12 мамыр Республика сарайында жүздескенше!», – деді продюсер.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button