Жедел жәрдемнің өзіне «жәрдем» керек: Батыс Қазақстанда әрбір үшінші санитарлық көлік жүруге жарамсыз

Әлеуметтік желіде жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмыс көліктерінің техникалық жағдайына қатысты шағымы үлкен резонанс тудырып жатыр. Бұған дейін zhaloby_uralsk__official парақшасында қала тұрғындарының бірінің шағымы жарияланған еді.
Шағымда қаладағы жедел жәрдем көліктерінің көбінің қосалқы бөлшектердің жоқтығынан қаңтарылып тұрғаны айтылған, деп хабарлайды tiek.kz.
Құжат бойынша Орал қаласында халыққа қызмет көрсетуге 30-35 жедел жәрдем бригадасы бөлінген деп көрсетіледі. Алайда, шынайы өмірде күнделікті желіге (линияға) небәрі 21 бригада ғана шығатыны айтылған. Ең сорақысы, Орал қаласының орталық жедел жәрдем станциясы тек шаһар ішін ғана емес, оған қарасты және іргелес жатқан 17 ауылды қамтып отыр. Айналасы 21 бригаданың күші бүкіл қала мен 17 ауылға жетпейді», — делінген шағымда.
Бұл жағдайға қатысты Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми түсініктеме берді. Мекеменің мәліметінше, желідегі шағымдар негізсіз емес.
Ресми статистика мынадай: Бүгінде станция теңгерімінде барлығы 99 санитарлық автокөлік бар. Оның 34-і аудандық бөлімшелерге тиесілі болса, қалған 65-і қала ішінде қызмет көрсетеді.
«Алайда, қазіргі уақытта осы автопарктің айтарлықтай бөлігі жарамсыз күйде. Нақтырақ айтқанда, 31 көлік техникалық ақауларға байланысты мүлдем істен шыққан және станция аумағында тұр. Демек, тұрғындарға қызмет көрсетуі тиіс автопарктің үштен біріне жуығы өз функциясын орындай алмай отыр. Бұл жағдай шақыртуларға кешігіп бару мен науқастардың өміріне төнетін қауіптің тікелей себебі болуы мүмкін», — делінген Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми түсініктемесінде.



