«Қолда барды бағалай білу керек»: депутат Мұқаев желідегі сынға жауап берді

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде өзіне қатысты яғни Парламент атынан құттықтады деген сын-пікірлерге жауап берді. Депутаттың айтуынша, бұл хайп үшін жасалған дүние емес, деп хабарлайды tiek.kz.
«Бұл — жай ғана хайп емес. Менің әлеуметтік желідегі оқырмандарымның 99 пайызы жақсы пікір білдіріп, бұл бастаманың мәнін түсініп отыр. Басты мақсатымыз — қолда барды бағалай білу және адамды көзі тірісінде құрметтеу.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық белең алып тұр. Сондықтан ер азаматтардың әйел затына деген шынайы құрметін көрсетіп, оларды қадірлеуі — өте маңызды мәселе», — дейді Мұқаев мырза.
Ол сондай-ақ қоғамда қызу талқыға түскен құттықтау ресми емес, жеке форматта жасалғанын айтады.
«Әлеуметтік желіде “Парламент атынан құттықтады” дегендей тақырыптар кетіп жатыр. Бұл – өзімнің жеке құттықтауым. Бұл Парламенттің отырысында болған жоқ, мемлекеттік ғимарат ішінде де өткен жоқ. Ол жерде ешқандай әріптестердің қолы қойылған жоқ. Туған күн 5-і күні өтті, бірақ әлеуметтік желіде 9-10 мамыр күні шулап кетті. Бұл арнайы тапсырыс болды ма, білмеймін», – дейді ол.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың әйелінің «гештальтін жабу» үшін парламент атынан арнайы құттықтау жасап, қоғамда үлкен шу тудырған еді.



