Абай атындағы мемлекеттік сыйлық неге ешкімге берілмеді? Ерлан Қарин түсініктеме берді

Биыл әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың ешкімге бұйырмағаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті, комиссия төрағасы Ерлан Қарин осы жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Tiek.kz.
Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, конкурсқа түскен үміткерлердің барлығы төл руханияттың дамуына үлес қосып жүрген белгілі тұлғалар болғанымен, ережеге сай қатаң талаптар сақталған. Ол өз сөзінде комиссия шешімінің үш негізгі себебін атап өтті:
Сыйлық тұлғаға емес, туындыға беріледі Комиссия төрағасы атақты біреудің көңіліне қарап немесе ренжітіп алмау үшін беру өнердің дамуына кедергі келтіретінін ескертті. «Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс», – деді ол.
Бірде-бір жұмыс басым дауыс жинай алмады Ұсынылған туындылардың барлығы дауысқа салынғанымен, ешқайсысы комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие бола алмаған. Керісінше, жұмыстарды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі көп болды. Қарин мұндай жағдай бұрын да болғанын, мысалы, 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласындағы А. Байтұрсынұлы атындағы сыйлық та лайықты жұмыстардың жоқтығынан берілмегенін еске салды.
Мемлекеттік сыйлық жүйесіне реформа жасалады Отырыс қорытындысы бойынша Абай атындағы сыйлықты беру тәртібі мен ережесіне тұтастай реформа жасау қажеттігі туындаған. «Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек. Әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін беріледі. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына байланысты ұсыну дұрыс емес», – деп мәлімдеді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ, ол 2000 жылдардан бері бұл сыйлықтың 60-қа жуық адамға берілгенін және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен оның қаражаты едәуір артқанын атап өтті. Вице-президенттің сөзінше, сыйақы көлемі өскендіктен, оған ұсынылатын туындылардың сапасына қойылатын талап та соған сай жоғары болуы шарт.



