«Бір орынға орта есеппен 4 үміткерден келеді»: Мәслихат сайлауы алдындағы үгіт науқаны басталды

2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлау науқаны аясында үгіт-насихат жұмыстары басталды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, бұл — кандидаттар мен саяси партияларға өздерінің сайлау алдындағы бағдарламаларын сайлаушыларға таныстыруға мүмкіндік берілетін кезең.
«Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде сайлау заңнамасының талаптарын сақтау, барлық кандидаттар мен саяси партиялар үшін тең жағдайды қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлау науқанының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлау науқанын өткізуге байланысты шығыстарының бірыңғай мөлшерін белгіледі. Бұл шешім сайлау алдындағы үгіт жүргізу барысында барлық кандидаттар үшін тең қаржылық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Ел аумағында 10 971 кандидат тіркелген. Олардың 9 752-сі ірмандаттық аумақтық сайлау округтен. Яғни бірмандаттық округтерде бір депутаттық орынға орта есеппен үш адамнан келеді.
Еліміздің 20 өңіріндегі түрлі деңгейдегі мәслихаттарға саяси партиялар құрамында 1 219 адам бар 99 партиялық тізім ұсынды. Партиялық тізімдердегі әйелдер мен жастардың жиынтық үлесі 43,2%-ды құрайды. Түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 3 113 бірмандатты сайлау округі бойынша 9 752 кандидат тіркелді. Бір мандатқа бәсекелестік 3 адамды құрайды.
Өңірлік комиссиялар ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Ақмола облысында облыстық мәслихатқа 16 округтен 50 кандидат, қалалық мәслихаттарға 41 округтен 125 кандидат, аудандық мәслихаттарға 192 округтен 588 кандидат тіркелді.
Қостанай облысында барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына 248 бірмандаттық округ құрылған. Облыстық мәслихатқа 48, қалалық мәслихаттарға 169, аудандық мәслихаттарға 528 кандидат тіркелген. Осылайша, өңірде барлығы 745 кандидат сайлауға қатысады.
Павлодар облысында облыстық мәслихатқа 48, қалалық мәслихаттарға 155, аудандық мәслихаттарға 326 кандидат тіркелді. Жалпы саны — 529.
Қызылорда облысында 409 кандидат тіркелген. Оның 48-і облыстық, 69-ы қалалық, 292-сі аудандық мәслихаттар депутаттығына үміткер.
Шығыс Қазақстан облысында облыстық мәслихатқа 49, қалалық мәслихаттарға 109, аудандық мәслихаттарға 391 кандидат тіркелді. Маңғыстау облысында бірмандаттық округтер бойынша 369 кандидат тіркеуден өткен.
Астана қаласында мәслихат депутаттығына 17 бірмандатты округ бойынша 83 кандидат тіркелген. Яғни әр орынға орта есеппен 5 үміткерден келеді.
Ал партиялық тізім бойынша 7 саяси партия 101 кандидатын ұсынған. Олардың барлығы тіркеуден өтті. Бұл жағдайда бір депутаттық орынға шамамен 6 адамнан үміткер.
Алматыда 21 бірмандатты округ бойынша 111 адам кандидат ретінде ұсынылған. Алайда олардың бір бөлігі өз кандидатурасын қайтарып алған, тағы бірқатары тіркеуден өтпеген. Нәтижесінде 83 кандидат тіркелді. Бұл әр орынға орта есеппен 4 үміткерден келеді.
Мәслихат депутаттарының сайлауы 29 қарашада өтеді.



