Актер Нұрғали Нұғыманның продюсерден зорлық көрдім деген мәлімдемесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды tiek.kz.
«Әлеуметтік желілерде жарияланған кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері болуы мүмкін деген бейнеүндеу дерегі бойынша материал белгіленген тәртіппен тіркелді. Қазіргі уақытта процессуалдық тексеру басталып, жарияланымда айтылған барлық жағдайларды, сондай-ақ оқиғаның ықтимал қатысушылары мен куәгерлерін анықтауға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Мұндай мәлімдемелер, әсіресе балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі құқықтық бағасыз қалмайды және ерекше бақылауда болады. Егер айтылған деректер расталса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады. Полиция тексерудің жан-жақтылығын, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз етеді», — деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Нұрғали Нұғман есімді жігіт бірнеше жыл бұрын «Балапан» телеарнасында жұмыс істеп жүргенінде продюсер тарапынан зорлық көргенін мәлімдеген еді. Алайда артынша актер «кешірім сұрап» тағы бір видео жариялады. Өз жазбасында ол Балапан коммерциялық жобасын «Балапан» арнасымен шатыстырып алғанын айтқан.
Кейін «Балапан» телеарнасы әлеуметтік желідегі зорлық дауына қатысты мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде «Balapan» телеарнасының штатында ер адам «продюсер» қызметін атқармағаны айтылған.
«Балапан» телеарнасы әлеуметтік желіде Нұрғали Нұрман есімді азаматтың мәлімдемесіне қатысты төмендегіні хабарлайды. 2010 жылғы 27 қыркүйекте ашылған «Balapan» телеарнасының штатында ер адам «продюсер» қызметін атқармаған. Кейін желі қолданушысы өз мәлімдемесінде айтылған жайттардың «Balapan» телеарнасында емес, коммерциялық жобаға қатысты болғанын нақтылап, жаңа бейнежазба жариялады және арна ұжымынан кешірім сұрады. «Балапан» телеарнасы азаматтарды тек ресми әрі тексерілген ақпаратқа сүйенуге шақырады», — делінген мәлімдемеде.



