5,1 млрд долларлық NCOC дауы қашан бітеді?

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Қашаған кен орнының операторы – NCOC (North Caspian Operating Company) консорциумымен арадағы даулы сот процесі туралы пікір білдірді.
Министрлік өкілі бұл істің тез шешілмейтінін, процестің ұзаққа созылатынын атап өтті. «Сот сыртқы арбитражға шықты. Арбитраждың өз регламенті бар. Бәрі соған байланысты. Нақты қаншаға созылатынын айта алмаймыз», — деп жауап берді Жомарт Әлиев tiek.kz тілшісінің сауалына.
Дау неден басталып еді?
Экология департаменті тексеріс жүргізіп, NCOC компаниясының қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзғанын анықтаған. Нақтырақ айтсақ, кен орнында күкіртті мөлшерден тыс сақтаған.
Осы заңсыздықтар үшін Экология министрлігі консорциумға шамамен 2,3 триллион теңге (5,1 млрд доллар) көлемінде рекордтық айыппұл салған болатын.
Алайда, шетелдік инвесторлар айыппұлмен келіспей, сотқа жүгінді. Қазіргі уақытта екі тарап та өз құқықтарын қорғап, іс Қазақстанның сот жүйесінде қаралып жатыр.



