Мәдениет
Тренд

«Қыз Жібекті» жойылудан сақтап қалдым»: Меруерт Өтекешева ағынан жарылып, жан сырын ақтарды

Айтуынша, 90-жылдары «Қыз Жібек» фильмі мүлдем жоғалып кетудің алдында тұрған. Құман Тастамбеков екеуі асол үшін арнайы қор құрып, фильмді құрып кетуден сақтап қалған.

Актриса Меруерт Өтекешова Майя Бекбаеваға сұхбат беріп, «Қыз Жібек» фильмінен қалған қамзол жайлы дауға нүкте қойды, деп хабарлайды tiek.kz.

Айтуынша, камзолға қатысты дау қуудың қажеті жоқ. Оны кімге беретінін Баянның өзі шешеді.

«Қамзолға қатысты туған дау маған да біртүрлі көрінді. Мен оны іздеген жоқпын, себебі киностудияда болған кезімде сұрағанмын, сол кезде қайта құру кезінде костюмдердің көбі жоғалып кеткенін білдім. Қамзолды да Баян үстіне киіп тұрған кезінде ғана көрдім. Оның киіп тұрғанына көпшілік наразы болғанын түсінемін, бірақ шығармашылық адам оны көріп, таңғалып, үстіне шақ екенін көргенде – ол Баянның ішкі тамсануы еді. Әлбетте, ол ешкімді ренжіткісі келген жоқ. Ол бұл жәдігерді сақтайтынына және уақыт өте келе оның міндетті түрде мұражайға тапсырылатынына сенімдімін. Өзі біледі. Сол үшін Баянды кінәлап не болмаса, комзолды оған Меруерт Өтекешова берген екен» деген орынсыз әңгіменің жөні жоқ», – дейді актриса.

Сондай-ақ актриса өз сұхбатында аңызға айналған «Қыз Жібек» фильмі,  фильмге кірмей кадр сыртында қалған жайттар жайлы ағынан жарылған. Айтуынша, 90-жылдары «Қыз Жібек» фильмі мүлдем жоғалып кетудің алдында тұрған. Құман Тастамбеков екеуі асол үшін арнайы қор құрып, фильмді құрып кетуден сақтап қалған.

«Қыз Жібек» фильмі жоғалып кете жаздады

Қазақстанның визит карточкасына айналған бұл фильмнің мәңгіге жоғалып кетуі мүмкін екенін білетіндер аз. «Қазақфильм» киностудиясы ең ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқан 90-жылдары түпнұсқа таспалар мүшкіл халде болды. Меруерт Өтекешева кез келген шенеуніктің қолынан келе бермейтін миссияны өз мойнына алды. Ол жеке өзі демеушілер іздеді, Ресейдің Белые Столбы қаласындағы Госфильмофондпен байланыс орнатып, кедендік құжаттарды ресімдеді.

«Фильмді теледидардан көріп, шошып кеттім – фильм жоғалып бара жатты. Таспа тозып, жыртылып жатты. Картинаны қалпына келтіру үшін Құманмен (Тастанбеков) бірге қор құрдық. Мәскеуден ауыр металл қораптардағы таспаларды пойызбен өзім алып келдім», – деп еске алады актриса.

Оның табандылығының арқасында фильмнің қазақша дыбысталуы да сақталды. Олар киностудияның қараусыз қалған бөлмелерінде шашылып жатқан болатын.

Цензурадан өтпей қалған сәттер

Сұхбат барысында «Қыз Жібек» фильмінің бастапқыда қандай болуы керек екенінің сыры ашылды. Режиссер Сұлтан Қожықов кеңестік цензура өткізбей қойған терең философиялық әрі қайғылы финалды ойластырған болатын.

Бастапқы нұсқада бүкіл халыққа төнген қауіптің символы ретінде финалда жоңғарлардың ауқымды шабуылын көрсету жоспарланған. Жібектің суға кетіп, оның үйлену желегі (фатасы) өзенмен ағып бара жатқан, ал жаулар оны найзамен көтеретін эпизод түсірілген. Алайда, шенеуніктер саяси тұстарды «жұмсартуды» талап етті. Бұл режиссерге үлкен психологиялық соққы болып, түсірілімнен кейін бірден инфаркт алған.

Құманның кейінгі өмірі

Меруерт Өтекешева мен Төлеген рөлін сомдаған Құман Тастанбековтің жұбайлық өмірі миллиондаған адам үшін шексіз махаббат пен сезімнің символы болды. Бірақ әдемі көріністің артында үлкен сынақтар жатқан екен.

2008 жылы отбасы 34 жастағы ұлы Фарабидің кенеттен қайтыс болуы сияқты үлкен қайғыны бастан өткерді. «Мұндай жоғалтудан кейін жүректе терең жара қалады. Бірақ менің әлсіздік көрсетуге құқығым жоқ. Менің қолдауыма мұқтаж қыздарым, немерелерім бар», – дейді актриса.

Құман Тастанбековтің өзі 2017 жылы сапар кезінде жұбайының қолында кенеттен көз жұмды. Меруерт оның қайтыс болар алдында анасы туралы сүйікті әнін айтып, өлімді алдын ала сезгендей болғанын еске алады.

«Қыз Жібектің» қазіргі өмірі

Халық әртісі атағына қарамастан, Меруерт Қаратайқызының бүгінгі өмірін жеңіл деп айтуға келмейді. Қарыздар мен кіші қызы Томирис еміне қаржы табу қажеттілігіне байланысты ол Алматы мен Астанадағы пәтерлерін сатуға мәжбүр болған. Қазір экран аңызы жалдамалы пәтерде тұрып, өнер университетінде сабақ беріп, жұмысын жалғастыруда.

«Біздің өмірлік ұстанымымыз шағымдануға жол бермейді. Қаншалықты қиын болса да, біз жұмыс істеп, өнерімізді жалғастырамыз», – деп түйіндейді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар!

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button