Ауылдан хатАгро-стратегия
Тренд

Dala.Camp ұлттық экспедициясы кезінде ақбөкендердің жаппай қырылуы анықталды

Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясының қатысушылары жаппай қырылған ақбөкендерді анықтады, деп хабарлайды tiek.kz.

Бұл жағдай Баянауыл мен Курчатов аралығындағы аумақта, Жаңа Ақшиман ауылына жетпей байқалған.

Экспедиция қатысушыларының пікірінше, жануарлардың өлекселері далада ұзақ уақыт жатқан. Бұл олардың бір мезетте емес, біртіндеп қырылғанын көрсетеді.

Бақыланып отырған жағдайдың ықтимал себептерінің бірі — көбею кезеңімен байланысты табиғи биологиялық үдерістер болуы мүмкін. Бұл уақытта жануарлар әлсіреп, түрлі қауіп-қатерлерге осал келеді.

Turan қауымдастығы басқарма төрағасы, Dala.Camp қауымдастығының негізін қалаушы және экспедиция жетекшісі Жәнібек Кенжебаев:

«Өлекселер бұрыннан жатыр, ағарып кеткен. Біз өте көп мөлшерде қырылған ақбөкендерді көрдік, олардың көпшілігінің мүйізі бар. Бұл олардың күйлеу кезеңіне сәйкес келуі мүмкін. Осы уақытта жануарлар әлсіреп, жиі шағылысады, соның салдарынан өлім-жітім артуы ықтимал», — деп атап өтті.

Дегенмен, бұл жағдайға нақты баға беру үшін арнайы мамандар тарапынан қосымша зерттеулер қажет.

Экспедиция өз сапарын жалғастырып, сайын даладағы ахуалды бақылап, дерек жинауда. Жиналған мәліметтер алдағы уақытта мал шаруашылығы мен табиғи тепе-теңдіктің жай-күйін тереңірек зерделеуге негіз болмақ.

Еске сала кетсек, Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы 2026 жылдың 1 мамырында Астанада басталды. Бұл — Қазақстанның Turan мал шаруашылығы қауымдастығы ұйымдастырып отырған 16 күндік реалити-шоу элементтері бар далалық білім беру медиажобасы.

Экспедиция бағыты Қазақстанның кемінде 10 өңірін қамтып, 6000 шақырымнан астам жолды жүріп өтеді. Жобаға 40-қа жуық фермер, сарапшы, кәсіп иелері мен сала өкілдері қатысуда. Экспедиция барысында қатысушылар нақты шаруашылықтарда жұмыс істеп, мал шаруашылығы экономикасын талдап, саланың негізгі мәселелері мен даму нүктелерін анықтайды.

Жоба қорытындысы бойынша Қазақстандағы ет бағытындағы мал шаруашылығының жай-күйі туралы аналитикалық есеп дайындалып, сондай-ақ көпсериялы реалити және деректі фильм шығару жоспарланған.

Бас серіктестер: Compass, Wendy’s, Kusto Group, Kazpetrol Group

Стратегиялық серіктестер: Nazarbayev University, NU Impact Foundation, Onergy Hub, Astana Business Campus, Savory, KMF Банк, KMF-Демеу, New Vision Forum

Ресми серіктестер: «Ауыл» партиясы, KazBeef, iGpskz

Dala.Camp — шаруашылықты дамытудың жаңа моделі негізінде жұмыс істейтін платформа. Қазіргі таңда аталған платформа бизнес, технология және білім саласын біріктіретін үлкен халықаралық қауымдастыққа айналып отыр.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Жанибек Кенжебаев (@zhanibek_kenzhebayev)

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button