Мәдениет

«Дау шығарудың қажеті жоқ»: депутаттар «Қыз Жібектің камзолына» қатысты пікір білдірді

Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында «Қыз Жібектің камзолына» қатысты дау әлі де басылмай тұр. Жұрттың көбі Меруерт Өтекешова киген камзолдың продюсер Баян Алагөзованың үйінде емес, музейде тұруы тиіс екенін айтуда.

Осыған байланысты  tiek.kz порталының тілшісі Мәжіліс депутаттарының пікірін білген еді.

Депутаттардың айтуынша, бұл жағдай мәдени мұраны сақтау жүйесіндегі олқылықтарды атап көрсетті.

Бұл — жақсы үрдіс емес

Мәжіліс депутаты Ринат Заитовтың пайымдауынша, бұл оқиға еліміздегі барлық мәдени жәдігерлерге толық инвентаризация жүргізу қажеттігін ұқтырды. Депутат музейлердегі экспонаттардың түпнұсқалығына қатысты күмән туындауы мүмкін екенін жасырмады.

«Барлық жәдігерлеріміздің қайда екенін түгендеп, инвентаризация жүргізу қажет. Бұл — жақсы үрдіс емес. Өйткені басқа музейлерде тұрған экспонаттардың түпнұсқа немесе көшірме екеніне қатысты сауалдар тағы да шығуы мүмкін», — дейді Р. Заитов.

Ол сонымен қатар, жәдігерді сақтау тікелей Мәдениет министрлігінің міндеті екенін, сондықтан Баян Алагөзованың «музейге ешкім бармайды» деген уәжімен толық келіспейтінін жеткізді. Дегенмен, құнды жәдігердің шетелге сатылып кетпей, ел ішінде сақталғанына ризашылығын білдірді.

«Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі тиіс»

Депутат Аманжол Әлтаев та бұл мәселеде үлкен дау шығарудың қажеті жоқ деп есептегенімен, жүйелі реттіліктің жоқтығына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, Баян Алагөзованың Меруерт Өтекешоваға көрсеткен ізеті мен сыйақысы — азаматтық мәрттік. Бірақ тарихи құндылықтардың жеке қолға өтіп кетуі — үлкен сабақ болуы тиіс.

«Мұндай құнды дүниелер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі қажет. Оның бәрі заңмен, тәртіппен Мәдениет министрлігінің тікелей бақылауында болуы керек», — деп түйіндеді А. Әлтаев.

Бүгін продюсер Баян Алагөзова Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешоваға арнайы шапан жауып, қомақты сыйақы тағайындауды жоспарлап отырғанын айтты. Өзінің және жарының атынан Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 миллион теңге төлеп тұратын болды.

Сондай-ақ, келесі жылы өтетін «Қазақ Аруы» байқауына құрметті қонақ ретінде шақырды. Баян Алагөзова бұл қадамын еліміздегі еңбегі еленбей, ұмыт қалған өнер адамдарына қолдау көрсетудің бір үлгісі ретінде түсіндірді. Ол өзге де қалталы азаматтарды осындай игі іске үлес қосуға шақырған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button