Қоғам

Прокуратура IT өнімдерінің көмегімен шетелден 20 млн долларлық активтерді анықтады

Астанада «Қазіргі құқықтық жүйедегі «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидаты: сын-қатерлер, инновациялар және шешімдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов ашты. Конференцияға қатысушылар заңдылықты нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және қылмысқа қарсы күресте заманауи технологияларды қолдану мәселелерін талқылады.

Қатысушыларға құттықтау сөзін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов арнады.

Халықаралық ұйымдар атынан БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Алексей Рогов және БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік өкілі Оливер Штольпе сөз сөйледі.
Іс-шараға Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері, Құрылтай депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрі, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты. Шетелдік қонақтар қатарында Ресей Федерациясы Прокуратура университетінің ректоры мен Түркия Әділет академиясының президенті болды. Сонымен қатар конференцияға судьялар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, елдегі құқық қорғау және басқа да жоғары оқу орындарының ректорлары, жетекші заңгер-ғалымдар қатысты.

Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – халықаралық тәжірибе алмасу және практикалық ұсынымдар әзірлеу. Атап айтқанда, заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ заманауи сын-қатерлер жағдайында құқықтық тәртіпті нығайту мәселелеріне басымдық берілді.

Заң бәріне ортақ

Пленарлық отырысты ашқан Бас прокурор Берік Асылов жаңа Конституцияның қабылдануы елдің одан әрі дамуына, мемлекеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және құқықтық жүйені жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер бергенін атап өтті.

«„Заң мен тәртіп“ идеологиясы оның преамбуласы мен негізгі қағидаттарында бекітілген. Ол мемлекеттік органдар тарапынан заңдылықты нығайту мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ғана емес, әрбір азаматтың құқықтық тәртіпті сақтауға деген құқықтық санасын арттыруды да көздейді», – деп түсіндірді Бас прокурор.

Оның айтуынша, прокуратура органдары бұл идеологияны ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Ал оның табысты жүзеге асуы барлық құқық қорғау және мүдделі мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіруге байланысты.

«Бұл қағидатты іске асыру лауазымды тұлғалар тарапынан жасалған құқық бұзушылықтарды қоса алғанда, заңға қайшы әрекеттердің кез келген көрінісіне жүйелі әрі ымырасыз тосқауыл қою арқылы қамтамасыз етіледі. Заң бәріне ортақ, ал жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты адамның атқаратын лауазымы мен қоғамдағы жағдайына қарамастан қолданылады», – деп атап өтті Берік Асылов.

Цифрлық шешімдерге басымдық

Бас прокурор Мемлекет басшысының халыққа арнаған соңғы Жолдауында цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізуді стратегиялық міндеттер ретінде айқындағанын еске салды.
«Сондықтан біз заманауи технологияларға, аналитикалық жүйелерге және тәуекелдерді болжау құралдарына басымдық беруіміз керек», – деді ол.

Конференция барысында прокуратура органдары мен отандық компаниялардың IT өнімдері таныстырылды. Биыл олардың көмегімен арнайы прокурорлар шетелдік юрисдикциялардағы жалпы құны 20 млн АҚШ долларын құрайтын активтердің орналасқан жерін анықтаған.
Аталған қаражаттың едәуір бөлігін криптовалюта құрайды. Оларды анықтау мемлекетке келтірілген залалды өтеуге мүмкіндік берген.

Ынтымақтастық туралы келісімдер

Конференцияға қатысушылар әртүрлі елдердің құқық қорғау органдары арасындағы бірлескен жұмыс, ақпарат алмасу және күш-жігерді үйлестіру тетіктерін талқылады.

Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Құқық қорғау органдары академиясы мен Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ОАӨАҮО) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Еуропалық жария құқық ұйымымен (EPLO) ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясымен де тиісті құжатқа қол қойылды.

Аталған келісімдер өзара іс-қимылды нығайтуға және заманауи қауіп-қатерлерге бірлесіп қарсы тұруға бағытталған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button