Қоғам

Тоқаев: Конституцияның негізгі ережелерін сақтамағандар қатаң жазаға тартылады

Конституцияның негізгі ережелерін сақтамағандар қатаң жазаға тартылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Ата заңды келемеждеу мен оның талаптарын менсінбеу халықты кемсітумен бірдей екенін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі тұлғалар елдің абыройын, ұлттық институттарға деген сенімді және халықаралық беделін қорғауға міндетті екенін атап өтті.

Президент «Самұрық-Қазына» қоры стратегиялық активтерді басқарып, ірі шетелдік компаниялармен жұмыс істейтінін еске салды. Оның сөзінше, халықаралық келісімдердің негізінде ұзақ жылғы келіссөздер мен Қазақстанға деген сенім жатыр.

Сондай-ақ президент Президент Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлықты барынша азайту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Себебі, Сыбайлас жемқорлыққа батқан адамдар «Халықтық құрылыс» бағдарламасына кедергі келтіруді көздеп отыр.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында салынатын жолдар, әуежайлар, емханалар, мектептер мен спорт кешендерінің сапасы жоғары болуы тиіс. Ал мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады. Президент бұл жұмыстың басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен қызметкерлердің жұмыс сапасын жақсарту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, жемқорлық мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсына айналған. Сонымен қатар Президент «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолының» жұмысы тоқтамайтынын жеткізді. Бұған дейін заңсыз иемденілген 1,3 трлн теңгеден астам актив қайтарылып, қаражат 466 нысанның құрылысына бағытталған. Оның 383-і пайдалануға берілген. Президент бұл нысандардың құрылыс сапасын да тексеру қажеттігін меңзеді.

 

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button